GRECO хатшысы: Коррупцияға қарсы қызметтің басты мәні – азаматтар үшін адал болу
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобы, яғни халықаралық GRECO ұйымының атқарушы хатшысы Джанлука Эспозито арнайы Нұр-Сұлтанға келіп, еліміздегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің атқарып жатқан жұмыстарымен танысты.
Халықаралық ұйым басшысы елордада орналасқан цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығымен кездесіп, "ANTIKOR" орталығының кеңсесін аралап шықты.
Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Open space" жүйесінде жұмыс істеп жатыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, азаматтар үшін ғимараттағы барлық кабинеттердің есігі айқара ашық. Кез келген қала тұрғыны немесе азамат өзін толғандырған мәселемен және шағымымен осы орталыққа келе алады. Департамент басшылығымен кездесе алады. Басшылық әрдайым құлақ асуға дайын. Коррупцияға қарсы қызметтің басты мәні де сол – азаматтар үшін адал әрі ашық болу, - деп атап өтті Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобының атқарушы хатшысы Джанлука Эспозито.
Елордада орналасқан "Adaldyq Alaṅy" жобалық кеңсесін аралап шыққан GRECO өкілі Джанлука Эспозито өзінің бас шаһарда орналасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы орталыққа көңілі толғанын айтты.
Жобалық кеңсе мемлекеттік мекемелердің қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін азаматтардан ұсыныс қабаылдайтынын баса айтқан жөн. Кез келген ел азаматы тұрмыстық сыбайлас жемқорлық көріністеріне, әкімшілік кедергілерге және бюрократияға тап болған жағдайда осы коррупцияға қарсы орталыққа жүгіне алады.
Айта кетейік, Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобы құрамына кірген 50-ші мемлекет. GRECO ұйымы осыдан 20 жыл бұрын Еуропа кеңесінің бастамасымен құрылған болатын.
Негізгі міндеттері – сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу мен анықтау бойынша тәжірибе алмасу және оған қарсы күрес әдістерін жақсарту.
Еліміз бұл халықаралық ұйымға мүшелік ету арқасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі ең үздік еуропалық тәжірибелерді қазақстандық жүйеге енгізе алады.