Грантты саралап беру мамандарды даярлаудың сапасына кері әсер етпей ме?
Сенатор Амангелді Толамисов өзінің депутаттық сауалында жоғары оқу орындарының «лигасына» байланысты студенттік гранттар берудегі проблемалар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатордың айтуынша, жақында Үкімет оқу орындарын «жоғары», «орта» және «мақсатты» лигаларға жіктей отырып, жоғары оқу орындарында білім сапасын тәуелсіз бағалау енгізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Енді студенттерге осы бағаға байланысты грантты саралап беруді енгізу жоспарлануда. Алайда, сенатор Амангелді Толамисовтың пікірінше, мұндай өзгеріс білім беру жүйесіне кері әсерін тигізуі мүмкін.
Бұл өз кезегінде мамандарды даярлаудың сапасына кері әсер етеді. Барлық «лигаларға» бірдей лицензиялық талап болған жағдайда мемлекет тарапынан құны әртүрлі мемлекеттік грант бөлу қисынсыз. Дифференциациялауды бұлай жүргізу әділеттілік принциптерінің бұзылу тәуекелдерін арттырады, - деп атап өтті депутат.
Толамисов сонымен қатар бұл реформа студенттер арасында әлеуметтік шиеленіс пен теңсіздік тудыруы мүмкін екенін, сондай-ақ олардың университеті қай «лигада» орналасқанына байланысты болса, түлектердің жұмысқа орналасуына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Сенатор студенттерге және жалпы білім беру жүйесіне жағымсыз салдарларды болдырмау үшін осы реформаны мұқият қарауға және жан-жақты талқылауға шақырды. Депутат осыған байланысты студенттер мен жалпы жоғары білім беру жүйесі үшін жағымсыз салдарды болдырмау үшін қосымша талқылау өткізу мен халықаралық тәжірибені жан-жақты зерттеуді ұсынды.
Үкімет еліміздің ғылым және жоғары білім беру жүйесін жетілдіру жөнінде елеулі қадамдар жасады және бұл реформаларды толық көлемде іске асырылуы үшін уақыт қажет екені белгілі. Жоғары оқу орындарын «лигаларға» саралауды енгізуде асығыстық жасамауымыз қажет және жоғары білім беру саласында жан-жақты талқылау керек, - деді сенатор.