Грантқа онлайн өтініш: 13 шілдеден бастап талапкерлерге арналған электрондық кезек іске қосылады

Қазақстанда жоғары оқу орындарына білім беру грантын тағайындау конкурсына өтініштер қабылдау 13 шілдеде басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онлайн өтініш беру eGov.kz порталы арқылы жүргізіледі. Құжат тапсыру 13 шілде күні сағат 9:00-де ашылып, 20 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады.

Құжаттарды онлайн тапсыру үшін талапкерге қажет:

  • Білімі туралы құжаттың сандық көшірмесі (аттестат немесе диплом);
  • 3х4 форматтағы фотосурет;
  • B167 «Ұшу аппараттары мен қозғалтқыштарды ұшуда пайдалану» мамандығын таңдаған жағдайда дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы.

Сондай-ақ, әлеуметтік санаттағы талапкерлер (жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, мүгедектігі бар жастар және т.б.) тиісті мәртебені растайтын құжаттарды тіркей алады:

  • Ата-анасының қайтыс болуы туралы куәлік;
  • Жетім немесе қамқорлықсыз қалғанын растайтын құжат;
  • Мүгедектік анықтамасы және т.б.

Онлайн өтініш қалай беріледі?

  • eGov.kz порталына кіріп, авторизациядан өтіңіз;
  • "Азаматтарға" – "Білім" – "Жоғары білім" бөлімін таңдаңыз;
  • "Білім беру гранттарын беру және әлеуметтік қолдау" қызметін таңдаңыз;
  • "Қызметке онлайн тапсырыс беру" батырмасын басыңыз;
  • Өтінішті толтырып, қол қоюдың қолжетімді әдісімен растаңыз;
  • Жеке кабинеттегі "Қызметтерді алу тарихы" бөлімінен өтінімнің өңделуі туралы хабарламаны бақылаңыз.

Нәтиже: Білім беру грантын беру туралы электрондық куәлік беріледі. Құжат 2025 жылғы 10 тамызға дейін талапкердің eGov.kz порталындағы жеке кабинетіне жолданады.

Электрондық кезек және SMS хабарлама жүйесі іске қосылады

Биыл eGov.kz порталында өтініштер ағынын біркелкі бөлу үшін электрондық кезек пен күту тізімі енгізілді. Жүйе талапкерлерді автоматты түрде кезекке орналастырып, бет жаңартусыз өтініш беруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ SMS-хабарлама қызметі іске қосылған:

  • Өтініш беру кезінде пайдаланушы "Кезектің жақындағаны туралы SMS арқылы хабардар ету" белгісін қоя алады.
  • Кезек жақындаған кезде жүйе 1414 нөмірінен ескерту хабарламасын жібереді.
  • Хабарлама мобильді азаматтар базасында тіркелген нөмірге жолданады.

Маңызды: eGov.kz өкілдері өтініш беру басталғанға дейін браузер қойындысын жаппауға немесе жаңартпауға кеңес береді. Әйтпесе кезек нөмірі жойылып, қайта кіруге тура келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы