21 Тамыз 2026, 15:08 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Грантқа алынған жабдық күмән тудырып, 1,38 млн теңге бюджетке қайтарылды

Әулиекөлде кәсіпкерлікке бөлінген мемлекеттік қаражат мәлімделген мақсатта пайдаланылмаған. Іс бойынша тергеу басталып, кейін қаражат толық өтелді.

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыру үшін берілген мемлекеттік гранттың мақсатсыз пайдаланылғаны анықталды. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде мемлекетке келтірілген 1,38 млн теңге көлеміндегі залал толық өтелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, Әулиекөл ауданының прокуратурасы заңнама талаптарының сақталуына жүргізілген талдау барысында мемлекеттік грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісін анықтаған.

2023 жылы азаматқа кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыру үшін 1 380 000 теңге көлемінде мемлекеттік грант берілген.

Алайда грант қаражатына сатып алынған жабдық іс жүзінде өтінімде көрсетілген мақсатта пайдаланылмаған. Бұдан бөлек, жабдықтың техникалық сипаттамалары есептік құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмеген.

Осы факті бойынша прокуратура материалдарының негізінде алаяқтық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Тергеу барысында грант алушы мемлекетке келтірілген залалды толық өтеп, 1,38 млн теңгені бюджетке өз еркімен қайтарған.

Прокуратура мәліметінше, азаматтың кінәсін мойындауы, келтірілген залалды ерікті түрде өтеуі және қылмыстық-процестік заңнамада көзделген өзге де мән-жайлар ескерілген. Осыған байланысты қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған.

Әулиекөл ауданының прокуратурасы мемлекеттік гранттар нақты бизнес-жобаларды жүзеге асыру үшін берілетінін еске салды.

Бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.