Грантпен оқыған түлектер кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс – Төлеутай Рахымбеков

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде аграрлық ғылым, білім беру мен ауыл шаруашылығы өндірісінің өзара қарым-қатынасының мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" Басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков отандық аграрлық сектордың даму қарқынын баяндады.

Қай заманда да кез келген саланың немесе мемлекеттің дамытушы күші бұл ғылым екені баршаңызға мәлім. Бүгінгі таңда еліміздің ауыл шаруашылығы деңгейін жаңа деңгейге алып шыға алатын жалғыз бағыт бар. Бұл – аграрлық ғылымның дамуына жол ашу. Аграрлық саладағы білім мен ғылымның және өндірістің басын қосып, агро шаруашылықтың қарқынды дамуы үшін қызмет ету біздің Аграрлық орталықтың басты мақсаты. Аграрлық сектор экономиканың жаңа секторына айналуы керек, - деді спикер.
Оның айтуынша, "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңында ауыл шаруашылығы бейінді маман-түлектерінің тізімін кеңейту бөлігінде "Білім туралы" ҚР Заңына өзгерістер енгізілді. Олар меншік нысанына қарамастан, ауылдық жерлерде орналасқан аграрлық мекемелерде кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс және жұмыс істеу өңірін анықтау бойынша шектеулерді жою қарастырылған.

Аталған өзгерістер ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуды тәмәмдаған ауыл тұрғындары қатарындағы азаматтарға квотамен жұмысқа орналасуға және өңірлерді АӨК кәсіби кадрларымен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бүгінгі күні ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы әзірленді, - деп атап өтті Төлеутай Рахымбеков.

Аграрлық ғылыми-білім беру орталығы тобының материалдық-техникалық базасы 280 мың га жер учаскелерін; аумағы 1 400 мың ш.м. болатын ғимараттар мен құрылыстарды қамтиды.

Сондай-ақ 5 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөлік; 7 мың бірліктен астам зертханалық жабдықтары бар. Бұл ғылыми орталық қызметі ғылымды, білімді және өндірісті біріктіруге бағытталған.

Басқарма төрағасының сөзіне сүйенсек, Қазақстан органикалық өнім өндіру және экспорттау бойынша әлемде жетекші болудың үлкен әлеуетіне ие. Агроөнеркәсіп кешені – қоғамның тыныс-тіршілігін қолдау шарттарын айқындайтын экономиканың маңызды секторларының бірі.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы