Жыл сайынғы білім гранттарының саны 69 мыңға жетті
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасындағы мемлекеттік білім гранттарын арттыру тапсырмасы орындалды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді.
«2018 жылы бөлінген 20 мың гранттар бойынша балалар оқып жатыр. Елдегі жыл сайын бөлінетін жалпы гранттар саны 69 мыңға жетті. Жаңадан қабылданған 53 мың студент – бакалавриатта, 13 мың – магистратурада, 2 мыңнан астамы – доктарантурада білім алуда. Барлық грант алушылардың 50 проценті техникалық мамандықтарда оқиды. Олардың ішінде ақпараттық коммуникациялар мен технологиялар, киберқауіпсіздік және техника, электроника сияқты еңбек нарығы үшін маңызды бағыттар бар», - деді Білім жәен ғылым министрі.
Ол «Серпін» бағдарламасы бойынша ауыл жастарына 5 мың грант қарастырылғанын, гранттардың шамамен 20 проценті мұғалімдерді даярлауға, оның ішінде тілдік компетенцияларын күшейтуге бағытталғанын айтты.
«Барлық ЖОО-да техникалық және ауыл шаруашылық мамандықтар бойынша гранттар құны ұлттық ЖОО-дағы гранттармен бірдей болып 635 мың теңгені құрады. Яғни мемлекет басшысының гранттарды бөлу және құнын арттыру тапсырмасы толық орындалды», - деді Сағадиев.
Ол ЖОО-да қолжетімді біліммен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шараларды атап өтті.
«Біріншіден, биылдан бастап ҰБТ жылына төрт рет өткізіледі. Қаңтардағы ҰБТ-ға 35 мыңнан астам бала қатысты. Осы түлектерге ақылы оқу үшін ЖОО-ға түсу мүмкіндігі берілді. Білім туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес бакалавриатқа ұқсас магистратураға қабылдаудың жаңа моделі енгізілуде. Осы жылы магистратураға білім беру гранттарын беру бакалавриатпен бірдей болады. Магистратураға үміткердің өзі ЖОО-ны таңдауына мүмкіндік беретін кешенді тестілеу нәтижесі бойынша жүргізіледі», - деді Сағадиев.