Gracenote: Қазақстан Токио Олимпиадасында 2 алтын жеңіп алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Американың танымал Gracenote статистикалық агентігі 2020 жылы Токиода (Оңтүстік Корея) өтетін жазғы Олимпиада ойындарына болжам жасады.
Орталық сарапшыларының болжамы бойынша Жапония жерінде өтетін Олимпиада ойындарында Қазақстан 2 алтын, 4 күміс және 5 қола жүлдеге ие болуы мүмкін. Жалпы командалық есепте Қазақстан 27-орынға тұрақтайды деп отыр.
Ал жалпы командалық есепте АҚШ құрамасы 126 медальмен топ жарады делінген. 2016 жылы Рио-де-Жанейро (Бразилия) Олимпиадасында АҚШ 121 медальға қол жеткізген болатын.
Екінші орынға Қытай ие болса, (38 алтын, 24 күміс, 19 қола) үздік үштікті Жапония (29+26+12=67) қорытындылайды деп болжаған.
Болжам бойынша Токио-2020 Олимпиадасындағы ТОП-10 құрама:
1. АҚШ – 126 медаль (Рио-2016 Олимпиадасында 121);
2. Қытай – 81 (70);
3. Жапония– 67 (41);
4. Ресей – 65 (56);
5. Ұлыбританияя – 43 (67);
6. Аустралия – 43 (29);
7. Франция – 41 (42);
8. Германия – 38 (42);
9. Голландия – 34 (19);
10. Италия – 32 (28).
Айта кетейік, бұл портал 2016 жылғы Олимпиада ойындарында "Қазақстан 4 алтын алады" деп болжаған. Gracenote болжамы бойынша, боксшылар Иван Дычко мен Данияр Елеусінов, ауыр атлеттер Александр Зайчиков пен Нижат Рахимов алтыннан алқа тағынуы тиіс болатын. Осылардың арасында Данияр Елеусінов пен Нижат Рахимов сенімді ақтады.
XXXII Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілде мен 9 тамызы аралығында Токио қаласында өтеді. Жарысқа 206 елден 11 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Олимпиада ойындарында 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.