Google ЖИ-ді қару жасау үшін қолданбау уәдесінен бас тартты
Google өз принциптерін жаңартып, жасанды интеллектіні (ЖИ) бақылау технологиялары мен қару өндірісінде қолданбау туралы уәдесін алып тастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі The Washington Post сайтына сілтеме жасап.
Google компаниясының ЖИ қолдануға қатысты принциптерінде бұған дейін «Біз қарастырмайтын ЖИ қосымшалары» деп аталатын бөлім болған. Онда компания ЖИ-ді қару жасау, бақылау, «зиян келтіретін немесе келтіруі мүмкін» технологиялар үшін және халықаралық құқық пен адам құқықтарына қайшы келетін жағдайларда қолданбауға уәде берген еді. Құжаттың ескі нұсқасы веб-архивте сақталған.
Осыдан кейін Google блогында компанияның жасанды интеллект бөлімінің басшысы Демис Хассабис пен технологиялар және қоғаммен байланыс жөніндегі аға вице-президент Джеймс Маньикидің атынан жазылған пост жарияланды. Онда компания ЖИ жұмысына қатысты принциптерін жаңартып жатқаны айтылған. Олардың айтуынша, қазіргі кезде демократиялық елдерден клиенттермен жұмыс істейтін компанияларға қажеттілік бар.
Біз демократиялық елдер еркіндік, теңдік және адам құқықтарына құрмет сияқты негізгі құндылықтарды басшылыққа ала отырып, ЖИ әзірлеуде жетекші рөл атқаруымыз керек деп санаймыз. Сондай-ақ осы құндылықтарды ұстанатын компаниялар, үкіметтер мен ұйымдар бірігіп, адамдарды қорғайтын, жаһандық өсуді ынталандыратын және ұлттық қауіпсіздікті қолдайтын ЖИ жасау үшін жұмыс істеуі қажет, - деп атап өтті Google басшылары.
Хассабис 2014 жылы өзі негізін қалаған DeepMind стартапын Google сатып алғаннан кейін компанияға қосылды. Ол 2015 жылғы сұқбатында мәміле шарттары DeepMind технологияларының әскери немесе барлау мақсатында ешқашан қолданылмайтынын қарастырғанын айтқан.
Google-дың жаңартылған принциптер жинағында компания өз технологияларының «жалпыға танылған халықаралық құқық пен адам құқықтары қағидаттарына» сәйкес қолданылуын қамтамасыз ету үшін адам бақылауы мен кері байланысқа сүйенетіні көрсетілген. Сонымен қатар компания технологияларды «кездейсоқ немесе қауіпті салдарларды азайту» мақсатында сынақтан өткізетіні жазылған.
Айта кетейік, Google-дың бәсекелестері Microsoft пен Amazon компаниялары АҚШ Қорғаныс министрлігімен бұрыннан жұмыс істеп келеді. 2024 жылдың соңында OpenAI (оның ең ірі инвесторы және серіктесі — Microsoft) әскери техника өндірушісі Anduril-пен бірігіп, Пентагонға арналған технологияларды әзірлейтінін мәлімдеген еді.