Google үш жаңа суасты байланыс желісін тартады
Google суасты байланыс желісін төсейтінін хабарлады.
Google Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерін байланыстыратын үш жаңа суасты кабель жүйесінің құрылысын жариялады. Жаңа бағыттар Доминикан Республикасы, Панама, Чили, Бермуд аралдары және Флорида арқылы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Alisios жүйесі Доминикан Республикасын, Панаманы және Чилиді байланыстырады. Canoa кабелі Доминикан Республикасы мен Бермуд аралдары арасында тартылса, OlaLuz Доминикан Республикасын Флоридамен жалғайды.
Жобада Чили ерекше орын алады. Ел Латын Америкасының ірі цифрлық хабына айналуға ұмтылуда және қазірдің өзінде суасты әрі жерүсті байланыс желілерін белсенді дамытып келеді.
Google-дың қатысуымен Чили мен Австралияны Тынық мұхиты арқылы жалғайтын тағы бір Humboldt бағыты салынып жатыр.
Жаңа кабельдер елдер арасындағы өсіп келе жатқан интернет-трафик көлемін тасымалдау және қолданыстағы бағыттарға түсетін жүктемені азайту үшін қажет. Мемлекеттер үшін мұндай желілер дата-орталықтармен және жерүсті желілерімен қатар цифрлық инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналуда.
Осыған ұқсас жоба қазір Қазақстанда да жүзеге асырылуда. Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі құрылысының негізгі кезеңі аяқталды.
Транскаспий оптикалық-талшықты байланыс желісі (ОТБЖ) Ақтау мен Сумгаитты байланыстырады. Суасты кабелі Каспий теңізінің түбімен тартылып қойды, құрылыстың теңіз кезеңі аяқталды.
Іске қосылғаннан кейін Қазақстан Әзірбайжан арқылы ары қарай Еуропа бағытына деректерді тасымалдаудың тікелей бағытын алады. Қалған жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.