Google-да жұмыс істейтін қазақ қызы шетелде жастар кеңесін құруды ұсынды
Отандастар форумында АҚШ-тан келген Google компаниясының қызметкері Арай Сабыржан өз ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Арай шетелдегі отандастардың Қазақстанға экономикалық, мәдени, білім беру немесе әлеуметтік салада көмек көрсетуі үшін зор әлеуеті бар екенін айтты. Отанның өркендеуі үшін шетелдегі қазақтар мен қазақстандықтарды бірге жұмыс істеуге шақырды. Осыған орай, бірқатар ұсыныстар айтты.
Біріншісі – шетелде жастар кеңесін құру. Шетелдегі қазақ жастарының көшбасшылық дағдыларын қалыптастыруға және диаспора қызметіне белсене қатысуға ынталандыру, қолдау көрсету. Шетелдегі экспорттарды елге тарту алгоритімін әзірлеу. Қазақстандағы бос жұмыс орындары, инвестициялар және білім беру мүмкіндіктері туралы өзекті ақпаратты таба алатын ақпараттық ресурстарды құру. Шетелдегі қазақ ұйымдарының құрылымдық негізін күшейту қажет, - деді ол.
Сондай-ақ Арай Сабыржан шетелдердегі қазақстандықтардың мүдделерін көрсете алатын кәсіби қауымдастықтар мен бірлестіктер құруға қолдау көрсету және мәдени, білім беру бағдарламаларын кеңейту қажет екенін атады.
Отандастарға қазақ мәдениетін, тарихын және тілін үйренуге мүмкіндік беретін түрлі білім беру курстары мен іс-шараларын дамыту. Қазақстан үшін маңызды мәселелер бойынша кеңестер мен ұсыныстар бере алатын сараптамалық топтар мен қоғамдық кеңестер құру және қазақ бизнесін ілгерілету. Шетелдегі өз қызметін кеңейтуді қалайтын қазақстандық кәсіпкерлер мен стартаптар үшін платформалар құру және ең соңғысы қоғаммен байланысты нығайту керек, - деп өз ұсыныстарын аяқтады.
Еске сала кетейік, Google-да істейтін қазақ қызы АҚШ-тағы қандастары туралы айтқаны туралы жазғанбыз.