Google-да істейтін қазақ қызы АҚШ-тағы қандастары туралы айтты

АҚШ-тың Сан-Франциско қаласынан келген Google компаниясының қызметкері Арай Сабыржан Отандастар форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол АҚШ-тағы қазақ диаспорасы туралы айтып берді.

Қазіргі уақытта АҚШ-тағы этникалық қазақтар саны едәуір. Олар негізінен Нью-Йорк, Калифорния, Вирджиния, Чикаго, Техас, Майами атты штаттарда шоғырланған. АҚШ-та тұратын қазақтар арасында Қазақстан егемендік алғаннан кейін көшіп келгендер де, Қытай мен Түркия сияқты басқа елдерден келгендер де бар. Сонымен қатар  жыл сайын Қазақстаннан қоныс аударатын азаматтар саны артып келеді, - деді ол.

Арайдың айтуынша, бейресми мәліметке сәйкес, АҚШ-та тұратын қазақстандықтардың жалпы саны 100 мыңнан астам және олардың арасында оқуға түскен студенттер, эмигранттар, жұмысқа тұрып жатқан мамандар да бар.

Арай ғылым, білім, өнер, мәдениет және ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейтін бірқатар қазақстандық өз жетістіктері үшін ерекше назар мен құрметке лайық деп санайды.

Олар өз тәжірибелері мен білімдерін өз еліне жеткізе отырып екі ел арасындағы көпірге айналады. Нақтырақ айта кетсек, Қазақстандағы жастарға көмек ретінде және мотивация беру ретінде біз шетелде жұмыс істеп жатқан жас мамандарды қонақтық дәрістерге шақырып, кездесулер өткізіп жүрміз. Ал Google компаниясында жұмыс істеп жатқан қандастарымыз Kazakh Google Community және Kazakh Speaking Club атты жобаларды ұйымдастырып, белсенділік танытып жатыр. Олар біздің және балаларымыздың ана тілін сақтауға және ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы