Гонконгтың ең ірі жүк әуе тасымалдаушысы Қазақстанға алғашқы рейсін орындады
Енді әуе компаниясы елорда әуежайы арқылы аптасына бес жүк рейсін жүзеге асырады.
Гонконгтың жетекші жүк әуе тасымалдаушысы Cathay Pacific Cargo Қазақстанға алғашқы рейсін орындап, Астана халықаралық әуежайы арқылы тұрақты жүк тасымалын бастады.
Енді әуе компаниясы елорда әуежайы арқылы аптасына бес жүк рейсін жүзеге асырады.
Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Үміралиевтің айтуынша, әлемдегі ірі жүк әуе тасымалдаушыларының бірінің Қазақстан нарығына келуі елдің Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Астана халықаралық әуежайының мәліметінше, бұл бағдарды іске қосу туралы келісімге келу үшін тараптар екі жылға жуық уақыт жұмыс жүргізген. Осы кезеңде бірқатар келіссөздер мен жұмыс кездесулері өтіп, нәтижесінде елорда әуежайы арқылы тұрақты транзиттік жүк қатынасы іске қосылды.
Айта кетейік, Cathay Pacific Cargo жыл сайын 1,5 миллион тоннадан астам жүк тасымалдайды және әлем бойынша 40-тан астам жүк бағытына қызмет көрсетеді.