11 Шілде 2026, 05:36 Фото: depositphotos.com

Гонконгта итті кафе мен мейрамханаларға алып кіруге рұқсат берілді

30 жылдан астам уақыт бойы күшінде болған тыйымның күші жойылды.

Гонконгта ит иелеріне енді үй жануарларын қоғамдық тамақтану орындарына алып келуге рұқсат етілді. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.

Бұған дейін, 1994 жылдан бері қолданыста болған ережеге сәйкес, мейрамханаларға тек көру қабілеті нашар немесе зағип жандарға көмек көрсететін қызметтік иттер ғана кіре алатын. Ал басқа үй жануарларына тек кафе мен мейрамханалардың жазғы алаңдарында ғана болуға рұқсат етілетін.

Жаңа саясат үй жануарларына достық қарым-қатынас мәдениетін дамытуға бағытталған және қазірдің өзінде күшіне енді. Алғашқы кезеңде бұл ереже билік мақұлдаған 900-ден астам мейрамханаға қолданылады.

Сонымен қатар, қалада үй жануарларын кейбір паром бағыттарында және ауылдық аймақтардағы метро желілерінің бірқатарында тасымалдауға рұқсат берілді. Бұдан бөлек, паллиативтік көмек алып жатқан науқастарға мемлекеттік ауруханаларға үй жануарларымен бірге келуге мүмкіндік жасалды.

Биліктің мәліметінше, Гонконгта 240 мыңнан астам отбасы 400 мыңнан астам мысық пен ит асырап отыр.