Гонконгтағы митингке шыққандар арнайы дайындалған – Қытай елшісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сянгандағы (Гонконг) бейбіт митингке шығушыларды батыстық кейбір ел арнайы араңдатып шығарып отыр. Мұндай пікірді ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо журналистермен кездесу барысында айтты.

Гонконг 99 жыл бойы Ұлыбританияның отарлауында болды. Тек 1997 жылы Қытай Халық Республикасы Гонконгқа байланысты егемендігін алды. Енді қытай-британ келісімі мен Гонконгтың негізгі заңына сәйкес, 50 жыл бойы – 2047 жылға дейін Гонконг Қытайдың толық автономиясында болады.

Қазір Гонконгте митинг болып жатыр. Қытай территориясына жататын елдің жас тұрғындары наразылық білдіріп, Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэрри Ламның орнын босатуын талап етуде. Әлемдік БАҚ өкілдерінің жазуынша, митингке шығушылар Қытайға экстрадициялау туралы заңды қабылдауға байланысты болған. Қазір заң қыбалданбай, уақытша кейінге шегерілді, бірақ толық тоқтатылған жоқ.

Гонконгтағы жағдайдың анық-қанығын Қытай елшісі Чжан Сяодан сұрадық.
Сянгандағы жағдай қалай? Кейбір әлемдік БАҚ бейбіт митингке шығушыларға қарсы күш көрсетіліп жатыр дегенді жазып жатыр. Қаншалықты рас?
Шынымды айтсам, бейбіт митингшілер деген сұрақпен келіспеймін. Жергілікті полиция Сянган (Гонконг) қаласындағы заңнамалық кеңес ғимаратына, терезе сындырғандар мен ғимараттарды қиратқандарға және мемлекеттік символды – ҚХР-дың гербін қорлағандарға қарсы таяқ алып, көзді ашытатын газ шашып жатыр. Бұл кадрларды сіздер әлі көрген жоқ шығарсыздар. Сіздер бейбіт митингке шыққандар деп атап отырғандар – арнайы дайындалған тұлғалар. Оларға жергілікті полицияны өшіктіру, ұрыс шығару, бейнебақылау камералары алдында бетін жасыру дегендер алдын ала үйретілген. Бірдей киім мен маска киген. Бұларды да сіздер көрген жоқсыздар. Тағы оларға митинг кезінде таяқ, пышақ және басқа құралдарды қалай әкелгенін де көрсеткен жоқ (әлемдік БАҚ – авт.). Сол құралдар арқылы митингке шығушылар әкімшілік ғимаратына кіруге тырысты. «Бейбіт митингке шыққандар» деп атаушыларды сырт жақтан шетелдіктер араңдатып отыр. Сол шетелдіктерді Сянгандағылар онша жақсы біле бермейді. Бірақ посткеңестік елдерде оларды жақсы біледі. Олар, міне, посткеңестік елдерде өткен «цветная революция» кезінде белсенді болған жетекшілер. Сондықтан «Сянганда не болып жатыр» дегенге былай жауап беремін: бұл – тағы бір «цветная революция» орнатудың тәсілі. Олардың мақсаты – жағдайды бұзу, жергілікті тұрғындардың орталық үкіметке сенімсіздігін күшейту, билікке наразылықты арттыру және Қытайдың дамуын тежеу үшін ықпал ету. Әлемдік БАҚ дегенде батыстық БАҚ-ты айтатыныңызды білемін. Парижде өткен «сары желеттер» шерушілерін қалай жазғаны естеріңізде ме? Сянганға келгенде жергілікті полицияның тәртіпсіздікті жою үшін атқарып жатқаны деп көрсетпей отыр. Полицейлер арасында зардап шеккендер мен жарақат алғандар бар екенін жазбады. Сянганның қарапайым тұрғындарының қалай зардап шеккенін де көрсетпей отыр. Сянгандағы жағдайды осылай баяндап, батыстық БАҚ-тың өтірігі әшкере болды.
Әлемдік БАҚ митингке шығушылар Қытайға эсктрадициялау заңнамасына байланысты шықты деп жазып жатыр. Дегенмен митингке шыққандардың қалауы қандай не талап етіп отыр? Сіздің жауабыңызды білсек?

«Олардың не қалап немесе не сұрап шыққаны маңызды емес. Бастысы, жергілікті тұрғындардың сөз еркіндігі, жиналу және діни еркіндігі бар. Басқаша айтқанда, олардың өз ойын білдіруге заңды жолы бар. Бұл 22 жыл бұрын мүмкін емес еді. Бірақ шектен шықпау керек. Әсіресе, бұл батыстағы кейбір елдің күшімен «адам құқығын қорғау» деген сылтауымен болмау керек. Бұған ешқашан жол берілмейді», - деді елші.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы