Головкиннің World Boxing ұйымын басқаруы Қазақстанға не береді?
Геннадий Головкин халықаралық World Boxing федерациясының президенті болып сайланды және әлемдік спорт ұйымын басқарған алғашқы қазақстандық атанды. Танымал боксшыға бұл жаңа лауазым не үшін қажет, ол қандай мәселелерді қадағалайды және жалпы World Boxing деген қандай ұйым? Толығырақ BAQ.KZ материалында.
Бұл тағайындаудың Қазақстан үшін маңызы қандай?
World Boxing – 2023 жылы IBA ұйымына балама ретінде құрылған жаңа халықаралық әуесқой бокс федерациясы. Ол қазіргі таңда Халықаралық олимпиада комитетінен олимпиадалық бокс бойынша негізгі серіктес ретінде уақытша танылған ұйым.
Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Айдар Махметовтің айтуынша, бүгінде әлемдік әуесқой бокстың дамуы мен реттелуі дәл осы World Boxing ұйымының құзырында.
Махметовтің пікірінше, Геннадий Головкиннің әлемдік бокс құрылымындағы жаңа мәртебесі – жай ғана құрметті лауазым емес, оның рингтегі жарқын мансабының заңды жалғасы. Ол бұл тағайындауды чемпионның ең басты спорттық жетістіктерімен қатар қоюға болатынын ерекше атап өтті.
Головкиннің президент болып тағайындалуы – оның спорттағы ең жоғары жетістіктерінің бірі деп есептеймін. Әуесқой боксқа келсек, ол әлем чемпионы болды, Олимпиаданың күміс жүлдесін алды. Ал кәсіпқой боксқа өткенде бірнеше беделді, негізгі нұсқалар бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Қазір ол халықаралық деңгейдегі спорт функционері бола алатынын көрсетті. Мен бұл оның спорттық мансабындағы шыңдардың бірі әрі жалпы өміріндегі ең үлкен жетістіктерінің бірі деп санаймын, – деді Айдар Махметов.
Ол бұл оқиғаның тек Геннадий Головкиннің өзі үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды екенін айтады. Өйткені бұл Қазақстанның халықаралық мәртебесіне тікелей байланысты.
Қазақстан үшін Головкиннің тағайындалуының маңызы өте зор. Ел Президенті де бірнеше рет атап өткендей, алғаш рет Қазақстан азаматы олимпиадалық спорт түрі бойынша халықаралық спорт ұйымын басқарды. Бұл – еліміз үшін үлкен жетістік және сөзсіз, Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін айтарлықтай арттырады, – деді ол.
Саясаттанушы Талғат Қалиев те Геннадий Головкиннің жаңа тағайындалуы тек спорттық оқиғамен шектелмей, Қазақстан үшін халықаралық деңгейде жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімді.
Әрине, Қазақстан азаматтарының халықаралық спорт ұйымдарына тағайындалуы әрдайым өте пайдалы. Бір жағынан, қазақстандық спортшылардың мүддесін ілгерілету, екінші жағынан, елдің имиджін көтеру. Сондықтан бұл – сөзсіз оң оқиға. Қазақстан үшін барлық тұрғыдан пайдалы деп ойлаймын. Бұл әлемдік бокстың дамуына да өз әсерін тигізеді, өйткені Геннадий Головкин – нағыз кәсіби маман. Ол жай ғана спорт менеджері емес, бокстың ішкі әлемін жақсы білетін адам, – деді саясаттанушы.
World Boxing ұйымы қандай мәселелерді шешеді?
Қазіргі уақытта әлемдік бокстағы негізгі түйткіл – төрешілердің шешімдерінің әділдігі. Айдар Махметовтің пікірінше, жаңа лауазымда Головкин дәл осы бағытта жұмыс істейді.
Көп жағдайда көрермен көріп, талқылап отырған жекпе-жек пен төрешілер шығарған шешім өзара сәйкес келмей жатады. Тіпті, төреші мен көрермен мүлдем екі түрлі жекпе-жекті көргендей әсер қалады. Мұндай болмауы керек. Ең бастысы – объективтілік, кез келген кездесуде жеңіске нақты күштінің жетуі тиіс, – деді Айдар Махметов.
Головкин шешуі тиіс екінші маңызды міндет – жүлде қорының мөлшерін арттыру.
Менің пайымдауымша, World Boxing әзірге ірі жүлде қорларын ұсына алған жоқ. Ал Олимпиадалық мәртебесінен айырылған IBA болса, әуесқой боксқа өте үлкен жүлделер тағайындап отыр: әлем чемпионы алтын медаль үшін шамамен жарты миллион доллар алады. Тіпті ширек финалға шыққандардың өзі едәуір қаражат табады. Осы бағытта да жұмыс істеу қажет: демеушілерге тартымды болатын дұрыс маркетингтік платформаны құрып, соның негізінде кем дегенде әлем чемпионаттары мен құрлық біріншіліктерінде жүлдегер болған боксшыларға лайықты жүлде төлеу мүмкіндігін жасау керек, – деді Айдар Махметов.
Шетелдік көзқарас
АҚШ-тағы танымал бокс және ММА шолушысы Кевин Айол Геннадий Головкиннің қатысуымен өткен жекпе-жектерде бірнеше рет жұмыс істеген. Ол қазақстандық боксшы туралы былай деп ағынан жарылды.
Мен Геннадийді тек боксшы ретінде танимын. Ол әрдайым сыпайы, мәдениетті, өзін ұстай білетін адам ретінде әсер қалдырды. Оның адалдығына да, адамгершілігіне де ешқашан күмәнданған емеспін, – деп жауап берді Кевин Айол BAQ.KZ тілшісіне.
Ол Головкиннің алдында тұрған міндет тек жаңа федерацияны басқарудан әлдеқайда күрделі деп отыр. Оған жылдар бойы жемқорлыққа шырмалып, даулы төрешілік шешімдерден беделі түскен бүкіл әуесқой бокс жүйесіне деген сенімді қайта қалпына келтіру қажет болады.
Әуесқой бокс жүйесін жемқорлық әбден жайлаған. Оның шешуі тиіс мәселелері өте көп. Төрешілік тек сапасы жағынан әлсіз емес, өткен тәжірибе көрсеткендей, жиі жемқорлыққа да ұшырайды. Бұл – жағдайды өзгертуге талпынып жатқанда жолынан шығатын басты кедергілердің бірі. Оған бұл спорт түрінде кездесетін медициналық мәселелерді шешумен айналысып, оны тиімді қырынан таныстыратын маркетингтік жоспар әзірлеу қажет болады. Бұл – ауқымды міндет, – деді Кевин Айол.
ҰОК-тегі еңбек жолы
2024 жылдың ақпанынан бері Геннадий Головкин Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетін басқарып келеді. Ол екі лауазымды қатар атқара ала ма? Айдар Махметов бұл оңай болмайтынын айтады.
Бастапқы кезеңде мұны қатар алып жүруге болады, бірақ кейін өте қиынға соғады. Неге? Себебі World Boxing – жас ұйым, оны кеңінен таныту үшін үлкен жұмыс атқару керек. Ұйымға мүше елдердің санын көбейту қажет, әлемнің түкпір-түкпіріне жиі іссапарлар болады, – деді Айдар Махметов.
Кевин Айолдың айтуынша, Головкиннің кәсіби тәжірибесі жаңа міндеттерді орындауда үлкен көмек береді.
Головкин әуесқой боксты шын жүректен жақсы көреді. Ол 300-ден аса жекпе-жек өткізіп, Олимпиадада күміс медаль жеңіп алды және өз елінің Олимпиада комитетін басқарды. Ол біздің көпшілігіміз көріп жүрген мәселелерді жақсы біледі және сүйікті спорт түріне әсер етіп, бокстың 2028 жылдан кейін де Олимпиада ойындарында қалуына үлес қосуды қалайды, – деді ол.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Геннадий Головкинді қабылдап, оған І дәрежелі "Барыс" орденін табыстаған болатын.