26 Қараша 2026, 19:00 Фото: видеодан скриншот

Головкин Шайдоровқа Ұлттық олимпиада комитетінің ең жоғары марапатын табыстады

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров спорттағы айтулы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ең жоғары марапаты – ҰОК орденімен марапатталды. Марапаттау рәсімі Ұлттық Олимпиадалық комитеттің Бас ассамблеясы аясында өтті. Орденді Олимпиада чемпионына Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Қазақстан ҰОК-қа сілтеме жасап.

Марапаттау рәсімі 25 қарашада Астанада Ұлттық олимпиадалық комитеттің Бас ассамблеясында өтті. Онда ұйымның 2024-2026 жылдардағы жұмысы қорытындыланып, алдағы халықаралық жарыстарға дайындық мәселелері талқыланды.

Отырыс соңында Геннадий Головкин отандық спорт пен олимпиадалық қозғалыстың дамуына қосқан үлесі үшін спортшылар мен мамандарды марапаттады.

ҰОК-тың ең жоғары наградасына 2026 жылғы ақпанда есімін қазақстандық мәнерлеп сырғанау тарихына алтын әріппен жазған Михаил Шайдоров лайық деп танылды.

Әлем чемпионатының күмісінен олимпиадалық алтынға дейін

2025 жылғы ақпанда Шайдоров Сеулде өткен Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы атанды. Сол жылы ол Харбиндегі қысқы Азия ойындарының қола және әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.

2026 жылғы ақпанда мәнерлеп сырғанаушы Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарында тарихи алтын медаль жеңіп алды. Қысқа бағдарламадан кейін қазақстандық спортшы бесінші орында болған, алайда екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, барлық қарсыласынан озды. Бұл медаль Қазақстанның мәнерлеп сырғанау спортындағы алғашқы олимпиадалық алтыны әрі елдің 32 жыл ішіндегі қысқы Олимпиадалардағы алғашқы жеңісі болды.

25 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Қыркүйек айында мәнерлеп сырғанаушы Братиславада өткен ISU Challenger сериясындағы халықаралық турнирде 272,75 ұпай жинап, қола медаль иеленді.

Бұған дейін Шайдоров 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына қатысу ниетін де растаған болатын.