Головкин мен Канело жекпе-жек алдында салмақ өлшеді

 Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес (57-2-2, 39 КО) жекпе-жек алдында салмақ өлшеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Sports.kz сайтына сілтеме жасап. 

Головкиннің таразыдағы салмағы 167,8 фунт (76,11 келі), ал «Канело» — 167,4 фунт (75,93 келі) болды. Осылайша, екі боксшы да суперорта салмаққа белгіленген, яғни 168 фунт (76,2 килограмм) шекті салмақтан сәтті өтті. 

Еске сала кетсек, Головкин-Альварес жекпе-жегі 18 қыркүйек күні Лас-Вегастың (АҚШ) T-Mobile Arena кешенінде өтеді.

Қазақстандықтар бокс кешін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирден тамашалай алады. Басталуы – 18 қыркүйек, сағат 5.00. Басты айқас шамамен 8.00-де басталады.

GGG мен «Канело» осымен үшінші рет рингте жұдырықтасқалы жатыр. 2017 жылы өткен алғашқы кездесу тең аяқталған еді. 2018 жылы болған қарымта жекпе-жек төрешілердің басым дауысымен Альварестің пайдасына шешілді. Бұл жолы боксшылар суперорта салмақта жұдырықтасады. Бірінші және екінші кездесулер орта салмақта өткен болатын.   Қазір бұл санаттағы барлық чемпиондық титул «Канелоға» тиесілі. Ал Головкиннің еншісінде WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы белдіктер бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы