Голливудтың фильмдерін көрген балаларымыз оны қазақ тілінде шығарылған деп ойлайды – Байбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Pixar студиясының қазақ тілінде дубляждалған «Жан» мультфильмінің алдын ала көрсетілімі өтті. 

Адам жанының шындықтан тыс әлемдегі қызықты саяхаты туралы «Жан» атты жаңа фильмді шығарған «Оскар» сыйлығының иегері болған «Ойыншықтар хикаясы», «ВАЛЛ-И», «Жоғары» және «Басқатырғыш» жасаушысы Питер Доктер. 

Елордада өткен фильмнің алдын ала көрсетіліміне танымал тұлғалар қатысты. 

«Болашақ» корпоративтік қоры кеңесінің құрметті мүшесі, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек құттықтау сөз алды. 

Бүгін біз үшін тарихи оқиға. Себебі голливудтық туындылардың 36-шы фильмі қазақ тілінде ұсынылып отыр. Өздеріңіз білетіндей, Елбасының қолдауымен шетелде білім алып келген жас азаматтар қауымдастықты құрып, осынау жылдар ішінде көп игі ісімен халыққа пайдаларын әкеліп жатыр. Осы қордың қолдауымен фильмдер қазақ тіліне дубляждалып жатыр. «Өзіңнен баста» жобасы осыдан 10 жыл бұрын басталған болатын. Сондай-ақ, осы жылдар ішінде кәсіпкерлердің қолдауымен 4,1 млрд теңге жұмсалып, осындай жобалар жүзеге асырылып келеді. Енді осы жылдан бастап мемлекет осы жобаларға қолдау көрсетіп, қаржы бөлінетін болады. Ал бұған дейін жүзеге асырылған 36 фильмге мемлекеттен қаржы жұмсалмай, жеке бастама ретінде жасалған болатын. Енді мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп, мемлекет қаржысына дубляждалатын болады. Осынау жылдар ішінде біз қаншама актерді дайындадық. Режиссерлеріміз мемлекеттік, халықаралық стандарттарға сай фильмдерді аударып жатыр. Балаларымыз Голливудтың фильмдерді көрген кезде қазақ тілінде шығарылған деп ойлайды. Себебі бәрі соған сай, - деді ол. 

Сонымен қатар, Бауыржан Байбек Disney компаниясының стандарттарына сай жұмысты ұйымдастырып отырған «Aray Media Group» компаниясына және жұмыс тобына алғыс айтты. 

Елімізде қазақ тілінің дамуы үшін көп жағдай жасалған. Тәуелсіздік алғалы бері алғашқы күннен бастап біздің Ата заңымызға қазақ тілінің мәртебесі бекітілген. Nur Otan партиясының тарапынан қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейеді деп уәде бердік. Сондықтан оны қоғам, ел болып қолға алып, үлкен дәрежеге көтеретінімізге сенімдімін. Қазақ тілін әр азамат өзінен бастап қолдаса, онда рухымыз, мәдениетіміз биік ұлт боламыз, - деді Байбек. 

«Жан» фильмінің алғашқы көрсетілімі 2020 жылы Лондон кинофестивалі аясында өтті. 

Айта кетейік, «Жан» («Душа») фильмі Қазақстан кинотеатрларында 21 қаңтардан, яғни бүгіннен бастап қазақ және орыс тілдерінде көрсетілімін бастайды. 


«Жан» - біз дубляждаған 36-шы фильм. Бұл қордың барша қазақстандыққа тамаша сыйы. Себебі фильмнің мәні тереңде жатыр. Ол көрермендерді музыка, джаз әлемімен таныстырады және өмірдің мәні туралы, өмірден күн сайын рахат алып, бақытты болу туралы ой салады. Уақыт өте келе «Жан» шетелдік киноның қазақ тіліндегі классикасына айналады деп үміттенемін. Айта кетейін, қазақстандықтар үшін қазақ тіліндегі киноға тең қолжетімділіктің өзектілігі әлі де сақталып келеді. Біз уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдау үшін осы мәселелерді барлық мүмкін алаңдарда көтеруді одан әрі жалғастырамыз, - деді «Болашақ» корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова. 

Жақында «Жан» ivi және Megogo онлайн-кинотеатрларында қазақ тілінде көруге болатын Disney, Pixar, Marvel, Sony Pictures студияларының 35 фильмінен тұратын топтаманы толықтырады. 

Бүгінгі премьера құтты болсын. Қазақ тіліндегі жобалардың көрермендері барына шын жүректен қуаныштымыз. Ол біздің еңбегіміздің еленгені. Кезінде мен, менің қатарластарым Disney компаниясының мультфильмдерін қазақ тілінде көре алмадық. Енді біздің балаларымыз осындай туындыларды қазақ тілінде көре алады. Сондықтан қазақ тілінің мерейі үстем болсын, - деді дубляж режисері Назерке Лесбекқызы. 

Фильмнің тұсаукесері барысында бірнеше жылдан бері қазақ тілінде дубляждалатын фильмдерге қолдау көрсетіп келе жатқан BI Group компаниясының өкілі қайырымдылық жобаларын қолдауды жалғастыратындарын жеткізді. 


BI Group холдингі бірнеше жылдан бері «Болашақ» қорының бастамасын қолдап келеді. Жобаның басты мақсаты әлем деңгейінде шығып жатқан фильмдерді балапандарымыз көруге мүмкіндік беру. Осындай жобаларды алдағы уақытта да қолдауды жалғастырамыз, - деді BI Group компаниясының технологияларды дамыту жөніндегі директоры Асхат Тұрғымбекұлы. 

Дубляж актерлері 

«Жан» фильміне кастингке тек Нұр-Сұлтан қаласынан 20 актер қатысты. Ол актерлер құрамы өз ісінің мамандары екенін атап өткен жөн. Басты кейіпкер Джо Гарднерді дарынды актер Дәурен Серғазин дыбыстады. Дәурен бұған дейін «Алладин» фильміндегі Жын, «Арыстан патша» фильміндегі Тимонды дыбыстаған болатын. 

Мен сомдаған кейіпкер өте бірбеткей. Мінезі жағынан өзіме ұқсас. Сол үшін де кастинг кезінде осы рөлге өткен шығармын деп ойлаймын, - дейді фильмдегі 22 деп аталатын кейіпкерді дыбыстаған актер Меруерт Ермекбаева. 
Фильсде рухтардың бірі Джерриді дыбыстадым. Дыбыстаған кездегі ең қызықты оқиғаның бірі – ағылшын тіліндегі дыбыстарды барабан дыбысымын дыбыстау. Бұл мен үшін қызық тәжірибе болды, - Данияр Сванкулов.
  

Бұл менің Disney жобаларына алғаш рет қатысуым. Режисер хабарласқан кезде өте қатты қуандым. Бұл мен үшін өсу деп айтуға болады. Менің кейіпкерім – Джерри А. Оның рөлі өмірге келген сәбилер қандай отбасыға түсетінін, олардың қылығы, мінезі қандай болатынын жинақтаған кейіпкер, - дейді Гауһар Жүсіпова. 

Дубляж ерекшеліктері 

Дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін тек қазақ тіліне жай ғана аударылып қоймай, бейімделеді. Сондай-ақ, түрнұсқа кейіпкерлеріне өзіне тән сөздер, әзілдер, жергілікті мәдениеттің ерекшеліктерін ескере отырып аударылған. Мысалы, диалогтардың бірінде кейіпкер АҚШ-тағы әйгілі доктор туралы айтады. Бұл есім біздің көрерменге таныс болмағандықтан, оның есімі қазақстандық белгілі әнші Димаш Құдайбергеннің есімімен алмастырылған. 

Фильм туралы 

Мектепте музыка пәнінің мұғалімі орта жастағы Джо Гарднер өмір бойы джаз ансамблінің құрамында сахнада өнер көрсетуді армандайды. Бірде ол танымал клуб әншісіне кастингке барып, тыңдаудан сәтті өтеді. Қуанышы қойнына сыймай, үйіне бара жатқанда люкке түсіп, мерт болады. Енді Джоның алдында бір ғана жол Ұлы Кейінге апарар жол бар, бірақ жолда ол мәңгілікке апарар эскалатордан қашып, ойда жоқта Ұлы Дейінге түседі. Мұнда жаңа жандар өзін табады, болашақ адамдарда арман мен қызығушылық пайда болады. Джо көптеген ғасырлар бойы өзінің ұшқынын таба алмай, Жерге бара алмай жүрген 22 атты қырсық жанның тәлімгері болады.
   


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы