Өскемендегі жәрмеңкеде глубокоелық шаруалар қарақшы өртеп, қысты шығарып салды
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласында өткен ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесінде Глубокое ауданының шаруа қожалықтары ет өнімдерімен қатар, сапасы жоғары бал және тосап өнімдерін де ұсынды. Әдеттегі бағадан әлдеқайда арзанға саудаланған ауылшаруашылық өнімдерінің барлығы аудан көлеміндегі кәсіпкерлердің өз өнімдері.
«Бүгін біз Глубокое ауданының кезекті ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесін өткізіп отырмыз. Бұл жәрмеңкеге 15 сиыр сойып әкелдік. Сонымен қатар, қой мен құс еті де бар. Глубокое ауданының омарташылары өздерінің бал өнімдерін ұсынуда. Бұдан бөлек, Черемшанка кенттік округінің шаруалары консервіленген тосап және саңырауқұлақ өнімдерін саудалауда. Сондай-ақ үстіміздегі апта славян халықтарының қысты шығарып салатын масленица мерекесінің аптасы болғандықтан біз бұл мерекені де атап өтуді жөн көрдік. Осы себепті мерекелік бағдарламаларымызды өзімізбен бірге ала келіп, облыс орталығы тұрғындарының алдында паш еттік. Масленица қарақшысын өртедік. Ертең масленицамен қоштасу жексенбісі. Бірақ оны біз өз ауданымызда атап өтетін боламыз», - деді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Сергей Кимасов.
Жалпы аталмыш жәрмеңкеге глубокое ауданының 17 ауылдық округінен келген шаруагерлер ауылшаруашылық өнімдерін әдеттегі бағадан әлдеқайда арзанға саудалап, Өскемен қаласы тұрғындарының көңілінен шықты.
«Бүгінгі ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесінің орыс халқының маселница мерекесімен тұспа-тұс келуі себепті біз жәрмеңкенің салтанатты бөлігін осы мерекеге арнайық деп шештік. Осыған орай ауданымыздағы фольклорлық бағыттағы шығармашылық ұжымдарын шақырып, соларға тән ән-шашумен өткіздік. Арнайы алып келген масленица қарақшысын өртеп, қысты шығарып салдық. Бұл жәрмеңкеге ауданның барлық шығармашылық ұжымдарын алып келдік деп айта алмаймын. Өйткені кешегі 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнінен соң өнер саласында жүрген қыз-келіншектерімізм бір сәт демалып алсын деп ойладық. Ертең өз ауданымызда бұл мерекені үлкен көлемде атап өтпекпіз. Сондықтан олар қазіргі уақытта сол мерекеге дайындалып жатыр», - деді Глубокое аудандық Бос уақыт орталығының директоры Күлтай Бектұрғанова.
Жауапты тұлғаның айтуынша, бұл жолғы шараға Глубокое ауданының Черемшанка, Секисовка ауылдық округтерінен келген белгілі шығармашылық ұжымдар мен халықаралық конкурстардың жүлдегері Юлия Юрочкина өзінің ерекше дауысымен халықты тәнті еткен.
«Біз бүгін бұл жәрмеңкеге Киров ауылдық округі әкімдігінің атынан атсалысып жатырмыз. Мектеп ұжымы болып өзіміздің ас пісіретін құрылғыларымызды алып шығып, қала тұрғындарына масленица мерекесінің ажырамас атрибуты саналатын блиналарды пісіріп таратық. Өткізген мерекеміз тұрғындар көңілінен шыққанына өте қуаныштымын», - дейді жәрмеңкеге қатысушы Прапорщиково орта мектебінің директоры Анар Мамырбаева.