Кеше 2026, 21:55 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Ғиззат Байтұрсынов ЖИ және цифрлық даму вице-министрі болып тағайындалды

Ол 2026 жылдың наурыз айынан бері Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы қызметін атқарып келді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ғиззат Байтұрсынов Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ғиззат Сейдахметұлы Байтұрсынов 1994 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ол Малайзиядағы Азия-Тынық мұхиты технологиялар және инновациялар университетін және Д.А. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2010 жылы бағдарламашы ретінде бастаған. Әр жылдары «Ел-Қонды» ЖШС-ның Малайзиядағы өкілі, техникалық жабдықтау бөлімінің басшысы және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарған.

2019 жылдан бастап мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді. Осы кезеңде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде сарапшыдан бастап Электрондық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директорына дейінгі лауазымдарда жұмыс істеді.

2024–2026 жылдары министрліктің Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетін басқарды. Ал 2026 жылдың наурыз айынан бері Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы қызметін атқарып келді.

Енді Ғиззат Байтұрсынов еліміздегі жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновациялық даму бағыттарына жетекшілік ететін вице-министр лауазымына тағайындалды.