"Гипноз қолданады". Профессор Кәкен Қамзин пәтерінен қалай айырылғанын айтты

Пәтерінен айырылған профессор алаяқтар қалай алдағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жақында алаяқтардың құрбаны болып, пәтерінен айырылған белгілі профессор Кәкен Қамзин оқиғаның қалай болғаны туралы әлеуметтік желіде жазды.

Естеріңізге сала кетейік, жақында К.Қамзиннің жалғыз баспанасынан айырылғаны туралы ақпарат жарияланған еді. 

Дереккөздерінің хабарлауынша, профессорға бейтаныс біреу "Энергосбыт" мекемесі қызметкері болып хабарласып, дербес деректерін сұрап алған. К.Қамзин оларға ЖСН нөмірін де айтып берген. 

Артынша өзін ҰҚК қызметкерімін деп таныстырған тағы бір адам қоңырау шалып, профессордың дербес деректері алаяқтар қолына түскенін, сондықтан жедел арада үйін сатпаса жағдайы қиын болатынын айтып, пәтерін сатқызып, ақшасын алып қояды. 

Өзінің айтуынша, профессор 3 бөлмелі үйін небәрі 31 млн теңгеге сатқан.

К.Қамзин бүгінгі жазбасында 1983 жылдан бері тұрып келе жатқан үйінен айырылғалы отырғанын айтады.

Құрметті жамағат, қадірлі ФБ-дағы достар! Осы постты жазуға енді ғана шамам келіп отыр. Ауыр психологиялық соққыдан есімді енді ғана жинадым. Менің басыма түскен жағдайды әлеуметтік желідегі жазбалардан көпшілік тегіс хабардар болар. Кибералаяқтардың шырмауына түсіп қалғаным рас, - дейді Кәкен Қамзин.

Оның айтуынша, бұл – әдеттегі интернет алаяқтық емес, жақсы ұйымдастырылған, жүйелі жұмыс істейтін қылмыстық схема.

Мамандардың айтуынша, қылмыскерлер тек цифрлық технологияларды ғана емес, психологиялық әсерді, гипноз әлеуетін және әртүрлі мекемелердегі жалдамалыларының деректерін керемет ұшқыр қолданатын көрінеді. Қазір құқық қорғау органдары бұл мәселені жан-жақты тексеріп жатыр, - дейді ол. 

Кәкен Қамзин бүгінгі жазбасын бұл жағдай басқаларға сабақ болсын деген ниетпен жариялағанын айтады.

Айтылатын да, айтылмайтын да нәрселер бар. Дәл осындай зауал дәп өз басыма түседі деп кім ойлаған. Іштей Алладан бұдан кейін де өмір таусылмас, жүрекке жігер, бойға қуат бер деп тілеп жүрмін. Енді нақты фактіні жайып салсам, 1983 жылдан бері тұрып келе жатқан, бала-шағамды өсірген баспанамнан айрылғалы отырмын. Бірсыпыра жан шын ниетімен жанашырлық білдіріп жатыр. Әсіресе шәкірттерім. Оларға мың да бір рахмет. Адамгерліктің көрсеткіші, адамгершіліктің тесті осы емес пе? Бұл жазбаны сіздерге сабақ болсын, ақпараттық алаңдағы көлбеңдеген, жарқыраған жазбаларға көп сене бермеңіздер деген ниетпен жариялап отырмын. Аман болыңыздар, ағайындар!, - деді профессор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: https://www.facebook.com/kaken.kamzin
Өзгелердің жаңалығы