“Гипноз” арқылы алаяққа қалай алданып қалуға болады?

Экономист Айдархан Құсайынов әлеуметтік желіде көпшілікті алаңдатқан жағдайды бөлісті. Оның айтуынша, алаяқтар қазір адамды телефон арқылы басқарудың жаңа тәсілін қолдана бастаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бірнеше сағат бойы не істегені есінде болмаған

Құсайыновтың айтуынша, есі дұрыс, ересек адам құлаққаппен телефон шалған адамға жауап бергеннен кейін, бірнеше сағат бойы өзін бақылай алмай қалған. Кейін банк пен басқа орындардағы бейнебақылау жазбаларын қарап отырып, өзінің түрлі әрекеттер жасағанын көрген.
Ол бөлімшелерге барып, тіркеуден өтіп, аударым жасап, құжат рәсімдеген.

Гипноз арқылы басқару – мүмкін нәрсе

Экономист бұл жағдайға сенетінін айтты. Өйткені өзі де гипноз туралы біраз оқығанын, оны қолдануға болатынын, ал оған қарсы ешқандай қорғаныс жоқ екенін айтты.

Бұрын алаяқтардың құрбаны болған адамдар бәрін өз еркімен жасағанына сенбейтін едім. Енді бұл оқиғадан кейін олардың неге олай істегенін түсіне бастадым, – деді Құсайынов.

Ол көпшілікті сақ болуға шақырады.

Бейтаныс нөмірден қоңырау түссе, оған құлаққап арқылы немесе тікелей телефонмен емес, тек дауыс зорайтқыш арқылы жауап беруге кеңес береді.

Бұл – толық қорған болмауы мүмкін. Бірақ бөгде адамның даусының тікелей санаға жетуіне жол бермейтін амал, – деп ескертеді сарапшы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ - архив
Өзгелердің жаңалығы