Ғиният Түркістандағы медициналық ұйымдарды аралады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Түркістан облысына жұмыс сапары барысында "Қамқор" балаларды оңалту орталығында болды.
Жалпы ауданы 500 шаршы метр заманауи қалпына келтіру емдеу орталығында тірек-қимыл аппараты бұзылған, БЦП, аутистік спектрі бұзылған балаларға көмек көрсету үшін заманауи жабдықтар мен мамандар штаты бар.
Мұнда жыл сайын 360-қа жуық мүмкіндігі шектеулі балалар тірек-қимыл, сөйлеу және дененің басқа да функцияларын қалпына келтіру курстарынан өтеді.Орталықта тірек-қимыл жүйесін дамыту үшін балалардың бұлшық еттері мен иммундық жүйелерін нығайтатын велотренажерлермен және жүгіру жолдарымен жабдықталған ойын бөлмесі бар.
Сондай-ақ мұнда идеоэлектроэнцефалография кабинеті жұмыс істейді.Орталықта білікті мамандар кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетеді және жаңа емдеу әдістері арқылы нейро-ортопедиялық ауытқулары бар балалар мен жасөспірімдерге сауықтыру іс-шараларын өткізеді.
Мемлекет басшысы жариялаған бала жылында біз балаларды сауықтыру, профилактикалық тексерулерден өту үшін жағдай жасауға бағытталған бірқатар іс - шараларды жүзеге асырамыз және дене функциялары бұзылған балалардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін осындай оңалту орталықтарының жұмысын барынша қолдаймыз, - деп атап өтті А.Ғиният орталықты аралау барысында.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдың өзінде елімізде оңалту төсектерінің саны 2 есеге артты, мұндай орталықтар медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландыру алады, ол да 6 есеге өсті, сондықтан жеке және мемлекеттік клиникалардың қаражатты инвестициялау және кішкентай пациенттер үшін осындай қолайлы жағдай жасау мүмкіндігі бар.
Министр барған келесі нысан қалалық емхана болды.
Оның 8 филиалы бастапқы медициналық көмек алатын 95 мың тіркелген халыққа қызмет көрсетеді.
Министр үздік тәжірибелер орталығының жұмысымен танысты, онда бас дәрігер Райымбек Тасырбаев созылмалы аурулары бар пациенттерді жүргізу тәжірибесі, балаларға прогрессивті патронаж әдістемесін қолдану туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Медицина тек ауру адамдарға жұмыс істемеуі керек, ол аурудың алдын алуға, әсіресе емдеу жолы аз ауыр кезеңдерді алдын алуға көмектесуі тиіс. Маған осы емханада қолданылатын алдын алудың тәсілдері ұнайды, сауатты оқытылған дәрігерлерді кездестіргеніме қуаныштымын, енді үздік практиканы одан әрі дамыту, пациенттерді өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікке тарту қажет, - деп атап өтті Ажар Ғиният, емхана дәрігерлеріне арнаған сөзінде.