Ғиният Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау нысандарының жұмысымен танысты

 Министр Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Қызылорда қаласынан 150 шақырым жердегі 1500 тұрғынға қызмет көрсететін Шиелі ауданы Досбол би ауылдық округінің отбасылық дәрігерлік амбулаториясында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Амбулаторияда 6 медицина қызметкері, оның ішінде 2 жалпы практика дәрігері медициналық көмек көрсетеді.

Жарты ғасырлық ғимараттың тозығы жеткенін ескере отырып, Мемлекет басшысы бекіткен ұлттық жоба аясында мұнда жаңа дәрігерлік амбулатория салынады, - деді А.Ғиният дәрігерлермен және аудан басшылығымен кездесу барысында. 

Бірақ ғимаратты салу және жабдықтау - бұл бір нәрсе, енді оны қалай толтыру керектігін, ауыл тұрғындарына ыңғайлы болу үшін медициналық көмектің қандай түрлерін іске қосуға болатынын ойластыру керек, - деп жалғастырды министр. 

Оның айтуынша, мысал ретінде, оңалту орталығын ашуға болады, оған физиокабинет, массаж, ингаляция кіреді, телемединиялық консультациялар жүргізу дағдыларын меңгеру, дәріхана пунктін ең қажетті дәрі-дәрмектер тізімімен орналастыру қажет. 

Одан әрі министр Шиелі ауданындағы 78 мың тұрғынға медициналық көмек көрсететін ауданаралық аурухана базасында медицина қауымымен кездесу өткізді. 

Министр аудандық аурухананың негізгі көрсеткіштерімен танысып, сырқаттанушылықты талдауға, әсіресе ауруханаға жатқызудың қайталанған, шұғыл жағдайларына ерекше назар аударды. 

Алдын алуға назар аударыңыздар, инсульттан кейінгі найқастың жағдайы қандай, ол диспансерлік есепке алынды ма, оңалту жүргізіліп жатыр ма, мұның бәрін қадағалау және басқа қызметтермен үйлесімді жұмыс істеу маңызды, осыдан кейін пациент өз денсаулығының жақсарғанын сезінеді, - деп Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы дәрігерлермен талқылау барысында атап өтті. 

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Шиелі аудандық ауруханасы КТ, МРТ, ангиографпен және басқа да жабдықтармен жабдықталады, инсульт орталығы, травматология, кардиология бөлімшесі ашылады. 

Министр ғимараттардың дайындығы, жаңа жағдайларда жұмыс істеу үшін персоналдың біліктілігін арттыру, науқастардың ағымы ұлғайған кезде пациенттің маршруттарын әзірлеу мәселесін көтерді. 

Медицина қызметкерлерімен әңгімелесу барысында министр соңғы жаңалықтар туралы айтып, проблемалық мәселелерді тыңдап, медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша өз ұсыныстарын берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы