Ғимарат тозған, кадр жоқ: Алғашқы медициналық көмек саласындағы проблемалар қандай?
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният министрліктің қорытынды алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр алғашқы медициналық көмек көрсету саласындағы проблемаларды атады.
Медициналық санитариялық алғашқы көмек – бұл халыққа барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған негізгі қызмет. Сектордағы негізгі проблемалар – нашар материалдық-техникалық жабдықтау, ғимараттардың тозуы және медицина кадрларымен жеткіліксіздігі және емханалардағы жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде біз медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдап, жүзеге асырудамыз, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол қандай жұмыстар атқарылғанына тоқталды.
Көмек көрсету ережесінің және амбулаториялық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету стандарттарының жобасы дайындалды, жалпы практикалық дәрігерлердің жүктемелері төмендеді. Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді. Ауыл тұрғындарының скринингтік тексеруден өту тәсілдері қайта қарастырылды, - деді Ажар Ғиният.
Белгілі болғандай, ел аумағында 5 695 медициналық-санитариялық алғашқы көмек медициналық ұйымы жұмыс істейді. Оның 501-і – ауылда болса, 5 194 – қалада орналасқан.