27 Қыркүйек 2026, 20:17 Фото: istockphoto.com

Гималайда қар көшкіні лагерьді басып қалды: Непалдың 14 азаматы хабар-ошарсыз кетті

Қолайсыз ауа райы іздеу-құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп жатыр.

Гималайдағы Химлунг-Химал тауы маңындағы лагерьді қар көшкіні басып, Непалдың 14 азаматы хабар-ошарсыз кетті.

Kathmandu Post мәліметінше, хабар-ошарсыз кеткендер непалдық экспедициялық топтың құрамында болған. Олардың арасында шерпалар, гидтер және қызмет көрсетуші персонал бар.

Экспедициялық топ құрамында барлығы 22 адам болған, оның 14-і қазір хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Олардың арасында шетелдік туристер жоқ – олар лагерьге әлі келмеген.

Жорық ұйымдастырушыларының айтуынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты биіктігі 7126 метр болатын Химлунг-Химал шыңына іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін тікұшақтар әзірге жете алмай отыр.