Таразда гидропоника әдісімен жемшөп дайындау цехы ашылды

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласында «ҚазГидропоника» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алғаш рет небәрі жеті күннің ішінде жасыл шөп өсіріп шығарды.

Оны бір мезетте мал азығы мен жем орнына қолдануға болады. Жаздың шіңілтір аптабы да, қытымыр қыстың қақаған аязы да бұл мекеменің жасыл жем-шөп өсіруі үшін аса қиындық туғызбайды. Әдетте шаруалар қыс мезгілінде жем-шөптен қиналып қалатыны бар.

Жаңа жобаны қолға алған серіктестіктің атқарушы директоры Данияр Әубәкіровтың айтуынша, көк желек – гидропоникалық қондырғы көмегімен өсірілетін шөп. Гидропоника дегеніміз – өсімдіктерді топырақсыз, жасанды қоректендіргіш ортада өсіру. Мұны ғарыштық технология десек те болады. Яғни, инновациялық тың жоба.

Елімізге бұл жобаның келгеніне екі-үш жыл болыпты. Мұны алғаш Ақтау мен Түркістан облыстарында сынақтан өткізген кәсіпкер енді Тараз қаласында жүзеге асырып отыр. Жаңа жобаның артықшылығы – 1 килограмм бидайдан және басқа дәнді дақылдардан 7 күнде 7-10 килограмм балғын көк азық дайындалып, шөп әрі жем орнына беріледі. Мұны пайдаланған шаруа ветеринарлық ауруларды да біржолата ұмытады екен. Осылайша, шаруалар төрт түлігін қаржы үнемдеп, таза әрі құнарлы жем-шөппен азықтандыра алады.

«Бұл істі осында қолға алғалы екі-үш айдың жүзі болды. Мүйізді ірі қараға беретін жемге шығын көп жұмсалады. Жем бермесең, сауынды сиырдан көп сүт алу қиын. Сондықтан да мал азығының тиімді жолын тауып, оны өзіміздің өндіріске енгізіп отырмыз. Бұл тәсілді Түркиядан үйреніп келіп, туған жерімде өрістетудемін» - дейді Әубәкіров.

Жас ғалымның сөзіне қарағанда, мұндай әдіспен бір шаршы метрден бір сауын сиырды күні бойы азықтандыруға жеткілікті 20-25 килограмм жасыл желек ала отырып, сүт өнімділігін 30-40, ал майлылығын 3-4% арттыруға болады. Ет бағытындағы мүйізді ірі қараға күндігіне 800-1500 грамм қосымша салмақ қостыруға да мүмкіндік бар.

«Бүгінде гидропоникалық цехта күніне 400 килограмм көк балауса дайындалады. Ол бір күнде 20 бас мүйізді ірі қараны азықпен қамтамасыз етуге жетеді. Цех қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Онда 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың жалақысы 60 мың теңгені құрайды», - дейді ЖШС атқарушы директоры.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы