Өгей әкесі ұрып тастаған бала үш күннен бері комада жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасында өгей әкесі соққыға жыққан 2 жасар бала үшінші күн комада жатқанын хабарлады.
«Оның жағдайы өте ауыр. Еш өзгеріс жоқ», - деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасында.
23 қыркүйек күні ер адам өгей ұлын өлімші етіп ұрып тастағаны туралы хабарлаған едік. Қазір ол түсініктеме беріп жатыр.
Сонымен қатар полицейлер баланың анасы мен күдікті азаматтық некеде тұратынын анықтады. Шамамен бір ай бұрын олар Алматы облысынан көшіп келген. «Көк қайнар» шағынауданынан баспана жалдап тұрған.
Дәрігерлердің балаға қойған диагнозы келесідей: қосарласқан ауыр жарақат; бассүйек-мидың ауыр жарақаты; мидың ауыр дәрежелі зақымдалуы; ми бағанының зақымдалуы; мидың солжақ гемисферасының субдуральдік гематомасы; субарахноидальдық қан құйылу; мидың ісініп кетуі; дислокациялық синдром; мидың диффуздық-аксональдік зақымдалуы; кеуде қуысындағы органдардың жабық жарақаты мен зақымдалуы; іштің және құрсақ қуысы органдарының зақымдалуы; жұмсақ тіндердің көптеген зақымдануы; беттің, бастың құйқа бөлігінің жарақаттары мен гематомалары; III дәрежелі тыныс алу жеткіліксіздігі; III дәрежелі травматикалық шок; III дәрежелі церебралдық шок.