Тоқаев Ангела Меркельді Германияның Біріккен күні мерекесімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Біріккен күні ұлттық мерекесімен құттықтап, Германия Федеративтік Республикасының канцлері Ангела Меркельге жеделхат жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бір халықты екіге бөлген Берлин қабырғасының бұзылғанына 30 жыл толуына орай жолданған жеделхатта, бұл тек бір мемлекеттің бірігуіне ғана емес, ажырап қалған отбасылардың, туған-туыстардың қайта қауышуына жол ашты делінген.

"Бұл тарихи оқиға тек Еуропаның ғана емес, әлемнің тарихын өзгерткені сөзсіз. Осы жылдар ішінде Германия қалпына келіп, мемлекетті саяси, экономикалық, әлеуметтік жағынан дамытуда дүниежүзіне үлгі болды", - деп жазды Қазақстан президенті.

Жеделхатта Қазақстан мен Германия арасында қарым-қатынастар достық пен өзара қолдау рухында қалыптасқанына ерекше ризашылық білдірілген.

Қазақстан президенті екі ел арасындағы ынтымақтастық барлық сала бойынша жалғасын тауып, халықтар игілігі үшін одан әрі нығая беретініне сенім білдіреді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы