Германиялық инвесторлар Қазақстанға 123 млн доллар инвестиция салады
Астана, BAQ.KZ. Қарағанды облысында 2019 жылы Германияның инвестициялары есебінен 123 млн доллардың жобасы жүзеге асырылады. Бұл жөнінде LS порталы хабарлады.
Kazakh Invest компаниясында мәлімдегендей, техникалық газдар өндірісі мен күн электр станциясы (КЭС) құрылысы бойынша жобалар жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, шамамен құны 100 млн долларды құрайтын тағы екі жоба іске асырылу сатысында тұр. Германиялық инвестициялар Түркістан мен Қарағанды облыстарындағы КЭС құрылысына бағытталған.
«Сонымен қатар, зығыр майы, мойынтіректер, автобустар, қосалқы бөлшектер, ауыл шаруашылығы жабдықтары, бидай өсіру және қайта өңдеу, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жабдықтарының өндірісі секілді тағы 15 жоба әзірленіп жатыр», - деп хабарлады ведомствода.
«Kazakh Invest» АҚ-да атап өткендей, 2018 жылы жаңартылатын энергия көздері, машина жасау, сауда салаларында 102 млн долларға төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалар Қарағанды, Алматы, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында іске қосылған.
Жалпы, Ұлттық банк мәліметі бойынша, Қазақстанда 9 айдың ішінде 17,3 млрд доллар тартылса, оның ішінде 183,1 млн доллар Германияның инвестициясы болып табылады.