10 Шілде 2026, 06:52 Фото: pixabay

Германиядағы аптап ыстықтан бес мыңнан астам адам қайтыс болды

Маусым айының соңында Германияның кейбір өңірлерінде ауа температурасы 41°C-тан жоғары көтерілді. Мұндай көрсеткіштер Оңтүстік Еуропа елдері үшін қалыпты болғанымен, Германия үшін рекордтық деңгей саналады.

Роберт Кох институты жүргізген алдын ала есептеулерге сәйкес, Германияда маусым айында болған аптап ыстық салдарынан шамамен 5100 адам қайтыс болған. Алайда ғалымдардың пікірінше, нақты көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін.

9 шілдеде жарияланған модельдік есептеулерге сәйкес, тек маусымның соңғы аптасында ғана 4300-ден астам адам көз жұмған.

Зерттеушілердің айтуынша, аптап ыстықтың нақты салдары бұдан да ауқымды болуы ықтимал. Германияның Федералдық статистика басқармасы мәліметінше, 22–28 маусым аралығындағы ең ыстық аптада артық өлім-жітім саны 6800 жағдайды құраған. Яғни осы кезеңде қалыпты жағдаймен салыстырғанда бірнеше мың адам артық қайтыс болған.

Германияда температуралық рекордтар тіркелді

Маусым айының соңында Германияның кейбір өңірлерінде ауа температурасы 41°C-тан жоғары көтерілді. Мұндай көрсеткіштер Оңтүстік Еуропа елдері үшін қалыпты болғанымен, Германия үшін рекордтық деңгей саналады.

Роберт Кох институтының мәліметінше, соңғы жылдары ыстыққа байланысты өлім-жітім көрсеткіші әртүрлі болды. Ең ауыр жылдар 2018 және 2019 жылдар болып, тиісінше 8400 және 6900 адам қайтыс болған. Ал 2022–2025 жылдары бұл көрсеткіш жылына 2600–4900 адам аралығында болған.

Мамандардың айтуынша, аптап ыстық өте сирек жағдайда ғана өлімнің тікелей себебі болады. Көп жағдайда жоғары температура созылмалы аурулармен ұштасып, адамның өміріне қауіп төндіреді.

Сондай-ақ Copernicus Climate Change Service дерегіне сәйкес, 2026 жылдың маусымы Батыс Еуропадағы бақылау тарихындағы ең ыстық маусым болды. Аймақтың орташа температурасы 20,86°C-қа жетіп, 1991–2020 жылдардағы маусым айының орташа көрсеткішінен шамамен 3°C-қа жоғары болды.