Германияда жеңіске жеткен қазақстандық спортшы күтпеген жағдайға тап болды
Қазақстандық семсерлесуші Руслан Курбанов Әлем кубогында топ жарып, жеңіс тұғырына көтерілгеннен кейін күтпеген жағдайға тап болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Германияның Хайденхайм қаласында өтіп жатқан жарыста марапаттау рәсімі кезінде ұйымдастырушылар Қазақстанның бұрынғы мемлекеттік әнұранын қосып жіберген. Дегенмен ұлттық құраманың спортшылары саспай, қазіргі Әнұранды өздері жанды дауыста орындай бастады. Бұл көрініс көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Осы оқиғаға байланысты Руслан Курбанов та пікір білдіріп, қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғысын айтты.
Жеңіс тұғырына шыққан сәтте ескі әнұран қойылды. Біз оның дұрыс емес екенін бірден ескерттік. Сол кезде командаластарым қазіргі Әнұранды дауыстап айта бастады, мен де бірге қостым. Ол сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Ішімді зор мақтаныш кернеді, денем шымырлап кетті. Қолдау білдірген барша жанкүйерге шын жүректен рахмет! – деді спортшы.
Айта кетейік, ұлттық құраманың көшбасшысы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Руслан Курбанов бұл жолы жекелей сында үздік атанды. Финалда ол әлем чемпионатының күміс жүлдегері, италиялық Давиде ди Веролиді 15:14 есебімен жеңіп шықты.