Германияда алғаш рет «Құнанбай» көркем фильмі көрсетілді

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Германияда алғаш рет «Құнанбай» көркем фильмі көрсетіліп, «Абай» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы және қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына арналған іс-шаралар сериясының жалғасы ретінде Қазақстан елшілігі Берлиндегі танымал Zoo Palast кинотеатрында «Құнанбай» тарихи кинодрамасының көрсетілімін ұйымдастырды. 


 

Бірқатар сыйлыққа ие болған фильмде Қазақстан мен қазақ халқын өз туындыларымен әлемге паш еткен хәкім Абайдың әкесі – Құнанбай Өскенбайұлының өмірі мен қызметі туралы баяндалады. 

Фильмнің тұсаукесерінде елші Дәурен Кәріпов «Қазақ кітапханасы» жобасы аясында елшілік неміс баспаларымен бірлесе отырып, басып шығарған ақынның неміс тіліндегі шығармалары мен өшпес мұрасы туралы айтып берді.   


 

Сондай-ақ, кинокөрсетілім аясында жиналған неміс саясаткерлері мен сарапшыларына, қоғам қайраткерлеріне, журналистерге және Берлин тұрғындарына тамыз айында Германияда Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі мен «Ұлттық аударма бюросы» Қоғамдық қоры жобасы аясында жарық көрген ақынның неміс тіліндегі «Абай» атты шығармаларының жаңа жинағы таныстырылды, - делінген хабарламада. 



Іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтай отырып өткізілді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы