Бүгiн 2026, 21:19 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Германияда Қазақстан азаматы ұсталды: СІМ ресми сұрау жолдады

Қазіргі уақытта Германия тарапынан жауап күтілуде, ал мәселе министрліктің бақылауында.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Германияда Қазақстан азаматының ұсталғаны туралы ақпаратқа байланысты Германия Федеративтік Республикасы құзырлы органдарына ресми сұрау жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, бұл қадам бұқаралық ақпарат құралдарында тараған хабарламаларға байланысты қабылданған. Қазіргі уақытта Германия тарапынан жауап күтілуде, ал мәселе министрліктің бақылауында.

Бұған дейін немістің Tagesschau басылымы 47 жастағы Қазақстан азаматының ұсталғанын хабарлаған. Германияның Федералды прокуратурасы дерегінше, ол Ресейдің пайдасына тыңшылық жасады деген күдікке ілінген.

Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті әскери колонналарды, үкіметтік нысандарды, саясаткерлер мен арнайы қызметтердің көліктерін, сондай-ақ Берлин қаласындағы қорғаныс өнеркәсібі объектілерін суретке түсірген болуы мүмкін. Бұл материалдарды ол Ресей барлау өкілдеріне берген деген болжам бар.

Сонымен қатар, эпизодтардың бірінде НАТО елдерінің біріне тиесілі әскери техникалар да түсірілгені айтылады. Неміс құқық қорғау органдары бұл әрекеттерді тыңшылық және ықтимал диверсияға дайындық ретінде қарастырып отыр.