Германияда қайтыс болған қазақстандық адвокаттың енесі мен күйеуі ұсталды
Германияда қайтыс болған Қазақстанның бұрынғы судьясы Айгүл Сайлыбаеваға қатысты іс бойынша оның күйеуі мен енесі Мәскеуде ұсталғаны туралы ақпарат шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Адвокат Мұрат Адам мен марқұмның ағасы Қанат Сайлыбаевтың айтуынша, Мәскеуде Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі қолға түскен.
Олардың мәліметінше, Донцов Александр Александрович пен Донцова Наталья Николаевна 2025 жылғы 23 желтоқсанда ұсталған.
Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцованың кім екені анықталып, Мәскеуде полицияға жеткізілгені жөнінде ақпарат келіп түсті. Қазір оларды Қазақстанға экстрадициялау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Дипломатиялық қиындықтар мен бірнеше азаматтығының болуына байланысты бұл рәсімдер ұзаққа созылуы мүмкін, –делінген Instagram желісіндегі жарияланымда.
Еске салайық, "Болашақ" бағдарламасының түлегі, бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың маусым айында Эрлахе көлінің маңынан өлі күйінде табылған. Әйел жүктіліктің 24-аптасында болған.
Адвокат Жанна Уразбахованың мәліметінше, басты күдікті ретінде енесі Наталья Донцова қарастырылып отыр. Ол сол түні Германия аумағынан кетіп қалған. Ал күйеуі Александр Донцов көп ұзамай қызымен бірге Ресейге кеткен және әйелін іздеу жұмыстарына қатыспаған.