Германияда Гитлердің бұрынғы резиденциясы «Бүркіт ұясы» өртенді
Германиядағы тарихи ғимаратты сөндіруге 200-ге жуық өрт сөндіруші жұмылдырылды. Өртке байланысты полиция күдіктіні ұстады, зардап шеккендер жоқ.
Германияда Адольф Гитлердің бұрынғы таулы резиденциясы саналатын «Бүркіт ұясында» ірі өрт шықты. Өртті сөндіруге шамамен 200 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Полиция күдіктіні ұстады.
Bild басылымының мәліметінше, өрт 23 қазан кешке Бавария Альпісінде, теңіз деңгейінен 1834 метр биіктікте орналасқан Кельштайнхаус ғимаратында тұтанған. Жергілікті уақыт бойынша сағат 21:50 шамасында түтін датчигі іске қосылып, дабыл берілген.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде ғимаратты жалын толық шарпыған. Резиденцияның жетуі қиын жерде орналасуы және қою түтін өртті сөндіруді қиындатқан. Құтқарушылар тыныс алу аппараттарын пайдаланып жұмыс істеуге мәжбүр болған.
Түнде тау шыңына қар жауып тұрғанына қарамастан, өрт әрі қарай тарала берген. Құтқару жұмыстарына байланысты билік ғимаратқа апаратын жолды жапты.
Полицияның мәліметінше, өрт салдарынан ешкім зардап шекпеген. Ғимараттың ішінен адам табылмаған.
Құқық қорғау органдары күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Алайда оның жеке басы және оқиғаға қатысы әзірге жарияланған жоқ. Германиялық БАҚ тергеушілер өрттің қасақана қойылуы мүмкін деген болжамды қарастырып жатқанын жазды. Bild мәліметінше, полиция өрт шыққан жерге апаратын жолда кездескен мотоцикл жүргізушісін ұстаған.
«Бүркіт ұясы» 1937–1938 жылдары нацистік басшылыққа арналған салтанатты резиденция ретінде салынған. Ғимараттың Гитлермен байланысына қарамастан, диктатордың өзі бұл жерге сирек барған.
Кешен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде аман қалған. 1952 жылдан бастап ол мейрамханасы мен нацистік кезеңнің тарихына арналған экспозициясы бар туристік нысан ретінде пайдаланылып келеді.