6 Қазан 2026, 20:59 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Германияда әскери қызметтен бас тартушылар саны күрт өсті

Deutsche Welle басылымының хабарлауынша, Германияда 2026 жылдың алғашқы сегіз айында әскери қызметтен бас тарту туралы өтініштер саны күрт өсті.
 
Funke медиатобының деректері бойынша, қаңтар мен тамыз айларының соңына дейін Федералдық отбасы істері және азаматтық қоғам ведомствосына осындай 12 102 өтініш түскен.
 
Осылайша, бұл көрсеткіш 2025 жылдың жалпы қорытындысынан үш еседен астам асып түсті. Ол кезде әскери қызметтен 3 879 адам бас тартқан еді.
 
Өтініштер санының өсуіне қауіпсіздік саласындағы күрделі жағдай, сондай-ақ 2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген әскери шақыру жүйесінің реформасы себеп ретінде аталуда.
 
Жаңа ережелерге сәйкес, 18 жастағы бозбалалар Германияның қарулы күштерінде қызмет өтуге дайын екендіктерін көрсетіп, сауалнама толтыруға тиіс.  Бұл ретте олар әскери қызметтен бас тартатындарын алдын ала мәлімдей алады.
 
Германияда міндетті әскери қызмет 2011 жылы тоқтатылған болатын. Алайда қазір бундестагтың шешімімен оны ішінара қайта қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылуда.
 
Әңгіме еріктілер жетіспеген жағдайда енгізілуі жоспарланып отырған «қажеттілік бойынша әскери борыш» туралы болып отыр.
 
Сондай-ақ Германия билігі қарулы күштердің санын едәуір арттыруды көздеген. 2035 жылға қарай әскери қызметшілердің санын қазіргі 186 мыңнан 260 мың адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр.