Бүгiн 2026, 17:11 Фото: Markus Ulmer/dpa/picture alliance

Германияда әрбір 45-оқушы сыныпта қалдырылып, оқу жылын қайта бастайды

Мыңдаған оқушы сыныпта қалып жатыр. Ең жоғары көрсеткіш қай өңірде екені белгілі болды.

Германияда өткен оқу жылында 148 мың оқушы сыныпта қалып, оқу бағдарламасын қайта оқуға мәжбүр болған. Бұл елдегі барлық оқушылардың 2,2 пайызын құрайды. Бұл туралы DW агенттігі жазды.

Германияның Федералдық статистика басқармасы жариялаған мәліметке сәйкес, көрсеткіш алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда өзгермеген. Яғни елде шамамен әрбір 45-оқушы бір сыныпты қайта оқиды.

Өңірлер арасында айырмашылық айтарлықтай байқалады. Сыныпта қалатын оқушылардың ең жоғары үлесі Бавария жерінде тіркелген. Мұнда оқушылардың 3,4 пайызы оқу бағдарламасын қайта меңгеруде. Екінші орында 3,2 пайыздық көрсеткішпен Саксония-Анхальт жері тұр.

Сарапшылардың пікірінше, Бавариядағы көрсеткіштің жоғары болуы мектептердегі талаптың қатаңдығымен байланысты. Айта кетерлігі, бұл өңір білім сапасы бойынша Германиядағы көптеген рейтингтерде көш бастап келеді.

Ал ел астанасы Берлинде сыныпта қалатын оқушылардың үлесі ең төмен деңгейде. Мұнда көрсеткіш небәрі 0,8 пайызды құрайды. Сондай-ақ Гамбург пен Шлезвиг-Гольштейн жерлерінде де көрсеткіш төмен – 1,3 пайыз.

Статистика басқармасы өңірлерді тікелей салыстыруға болмайтынын атап өтті. Себебі Германияның әр федералдық жерінде оқушыларды келесі сыныпқа көшіру тәртібі әртүрлі.

Сонымен қатар зерттеу нәтижесі ұл балалардың қыздарға қарағанда сыныпта жиірек қалатынын көрсетті. Өткен оқу жылында ұлдардың 2,5 пайызы, ал қыздардың 1,9 пайызы оқу бағдарламасын қайта оқыған.

Есепте Германиядағы мектеп жүйесіндегі өзгерістер де көрсетілген. Қазір елде жұмысшы мамандықтарына бағытталған дәстүрлі Hauptschule типіндегі 749 мектеп қана қалған. Ал гимназиялардың саны төрт есе көп – 3172. Бұл білім беру ұйымдарында шамамен 2,28 миллион оқушы білім алады.