Германия үкіметінде сириялықтарды еліне қайтару туралы дау туындады
Германияның Ішкі істер министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі арасында сириялықтарды депортациялау жоспарына байланысты ашық қайшылық пайда болды. ІІМ коалициялық келісімге сүйеніп, "Сирияға депортация алдымен қылмыс жасағандардан басталуы тиіс" деген ұстанымды алға тартады, деп хабарлайды BAQ.KZ BILD басылымына сілтеме жасап.
Бұл ұстаным Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефульдің пікірімен қарама-қайшы. Ол жуырда Дамаск маңындағы қираған аудандардың бірін аралап көріп, «мұндай ауқымдағы қиратуларды бұрын-соңды көрмегенін» мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Сириядағы қазіргі жағдайға байланысты босқындарды елге қайтару «өте шектеулі жағдайда ғана мүмкін», өйткені елдің негізгі инфрақұрылымы толықтай дерлік жойылған.
Ал Ішкі істер министрлігі, керісінше, қайтаруға қажетті жағдай жасауға болады деп есептейді. Ведомство өкілі Берлиннің Дамаскпен депортация туралы келісімге келу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын растады. Сонымен қатар Германияның көші-қон және босқындар жөніндегі федералдық агенттігі сириялықтардың өтініштерін қайта қарай бастаған.
Әзірге басымдық — отбасынсыз келген, жас әрі еңбекке қабілетті ер адамдарға беріліп отыр.