Германия мен Италия Трамптың "Бейбітшілік кеңесіне" қатысудан бас тартты
Германия мен Италия АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған "Бейбітшілік кеңесіне" оның қазіргі форматында қатысудан бас тартты. Бұл туралы Германия канцлері Фридрих Мерц пен Италия премьер-министрі Джорджа Мелони мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап.
Германия канцлерінің айтуынша, қазіргі таңда "Бейбітшілік кеңесінің" құрылымы Германияның оған қатысуын конституцияға қайшы етеді. Фридрих Мерц бірнеше апта бұрын-ақ Дональд Трампқа, егер кеңес бастапқыда жоспарланғандай Газа секторындағы бейбіт келісімдердің орындалуын бақылаумен айналысатын болса, оған қосылуға дайын екенін айтқан.
Алайда Трамп қазір ұсынған нұсқада "басқару құрылымдарының өзі-ақ, оның ішінде Германияның конституциялық құқығына байланысты себептермен, біз үшін қабылдауға келмейді, – деді ФРГ үкімет басшысы.
Сонымен қатар, Мерцтің айтуынша, Германия АҚШ-пен ынтымақтастықтың жаңа форматтарын сынап көруге дайын. Бұл форматтар тек Газа секторы мен Таяу Шығыста ғана емес, Украинада да бейбітшілікке жақындатуға бағытталуы тиіс.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони де Трамптың «Бейбітшілік кеңесіне» қосылу туралы шақыруын дәл осы себептермен қабылдамады. Оның айтуынша, қазіргі құрылымда бұл органға қатысу Италия конституциясына қайшы келеді. Сонымен қатар, кеңестің жарғысы да «Италияның құқықтық жүйесімен үйлеспейді». Бұл жөнінде Рим үкіметінің басшысы АҚШ президентін алдын ала хабардар еткен.
Мелони аталған мәселелер шешіледі деген үміт білдіріп, содан кейін Италия «Бейбітшілік кеңесіне» қатысу мәселесін қайта қарауға дайын екенін айтты.
Алайда "Бейбітшілік кеңесіндегі" шешім қабылдау өкілеттіктері негізінен Дональд Трамптың қолында шоғырланбақ. Ол кеңес төрағасы қызметін іс жүзінде өмір бойы сақтап қала алады, өйткені оның қызметтен кетуі тек жеке қалауы бойынша немесе атқарушы комитет мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешімімен ғана мүмкін. Атқарушы комитет құрамында Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер де бар.
"Бейбітшілік кеңесі" — АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған үкіметаралық ұйым. Ол Газа секторындағы бейбіт реттеу жоспарын қамтамасыз ету мақсатында құрылып, қызметіне БҰҰ мандатын алған.
АҚШ шақырған шамамен 60 елдің ішінен бұл бастамаға қазіргі уақытта 26 мемлекет, соның ішінде Қазақстан да қосылған. Ал Болгария мен Венгрия — келісімге қол қойған Еуроодақтағы жалғыз мемлекеттер.