Германия коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізбекші

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Германияда 122 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырды. Дегенмен індеттің тарауы саябырсыған секілді. 

24.kz арнасының мәліметіне қарағанда, 50 мың науқас жазылып шықты, ауырғандар саны азайды. Алайда саясаткерлер карантин тәртібін толық алып тастауға әлі ерте дейді. 

Еске салайық, Германияда шектеу мерзімі 19 сәуірге дейін ұзартылған болатын. Келесі аптада саясаткерлер қайта бас қосып, карантин тәртібі жөнінде шешім қабылдауы тиіс. Мамандар коронавирус жұқтырушылар санын саралап барып, ортақ мәмілеге келеді. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, шектеулер жеңілдетілсе, кейбір өңірлерде дәмханалар мен дүкендер, сәл кейін мектептер де ашылуы мүмкін. Бірақ тұтынушылар саны реттеліп отырады. Денсаулық сақтау министрі қабылданған шаралар өз жемісін бергені жайында да хабарланды. 

Бұқаралық шараларға тыйым салу және балабақшалар мен мектептерді жабу секілді шектеулер нәтиже бергенін айта аламыз. Қазір Германияда 3 мыңдай науқас жан сақтау бөлімдерінде емделіп жатыр, алайда 10 мыңнан астам бос орын бар - дейді Германияның денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан. 

Ал осы кезде Баден Вюртембергтегі фармакологиялық компания вакцина шығаруға күш салуда. Мамандар бұл дәрінің сынағын жаздың басында өткізуді көздеп отыр. Алғашында препарат 100 науқасқа егілетіні белгілі болды. Оң нәтиже болса, жаппай қолдана бастайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы