Қазақстандағы Германия елшісі: "Фермерлерден бастап, шанышқы және үстелге дейін" саралануы тиіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сауда және интеграция министрлігінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің электрондық саудасын дамытуға арналған конференция өтті. 

Жиынға Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшісі Тило Клиннер, Гессен Федералды жерінің Экономика, сауда және өңірлік даму министрлігінің ресми өкілі Штефан Грос, АӨК саласындағы швейцариялық инвестор Йозеф Фишер және Қазақстан-Герман аграрлық-саяси диалогының өкілдері, сондай-ақ жетекші салалық сарапшылар қатысты. 

Біз Қазақстанмен цифрландыру саласында бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бұл тауар алмасу мен электрондық тауар айналымын қарқынды түрде дамытуға үлес қосуда. Интернет сауданы арттыру мәселесін қарастырып отырмыз. Бұл – тауар айналымының жаңа формасы және осы үрдіс одан әрі нығая түседі. Аграрлық сектордағы тамақ өнімдері бойынша Германия мен Қазақстан өте тығыз байланыс орнатқан. Қазақстан – біз үшін экспорттық әлеуеті жоғары маңызды әріптесіміздің бірі. Қытай мен Ресей нарығына шығуға да мүмкіндік беретін көпір. Екі ел арасындағы ауыл шаруашылығына арналған конференцияларда үнемі сын-тегеуріндерді талқылап, ашық диалог құрамыз, - деп айтты елші Тило Клиннер мырза. 

Неміс елшісінің айтуынша, аграрлық сала шағын ғана ортада қаралмауы тиіс. 

Бүгінгі көтеріліп отырған сұрақтар шағын ортада ғана қарастырылмауы керек. Қосылған өзіндік құны мен дайын өнім өндірілгенге дейінгі барлық кезеңдерді қамтып, яғни "фермерлерден басталып, шанышқы және үстелге дейін" саралануы тиіс. Ағылшын тілінде осындай термин бар, біз де осы ұғымды басшылыққа ала отырып жұмыс істейміз, - деп түсіндірді елші. 

Халықаралық сарапшылар қатысқан бүгінгі отырыста "Қазақстанда электрондық сауданы дамытудың келешегі қандай болмақ?" және "ауыл шаруашылығы өнімдерінің электрондық саудасын қандай жолдармен дамытуға болады?" деген сияқты сұрақтар төңірегінде пікірлер айтылды. 

Электрондық сауданы дамыту ел экономикасына әсер ететін негізгі фактор болып табылады. Қазақстандағы электрондық сауда 2000 жылдары алғашқы интернет-дүкендердің ашылуынан бастау алды, алайда соңғы жылдарда ғана жаппай сипатқа ие болды. 2018 жылы электрондық сауда нарығының көлемі 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге артты (174 млрд.теңге) және 269 млрд теңгені құрады (халықаралық электрондық алаңдарды ескергенде). 2018 жылы бөлшек тауар айналымының жалпы көлеміндегі электрондық сауда үлесі 2,9% құрады, - деп атап өтті сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы