Германия Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет әскерін шет елге жіберді
Литвада Германия қарулы күштерінің бригадасы НАТО-ның шығыс шекарасын нығайту үшін тұрақты түрде орналастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
45-ші танк бригадасының құрылғандығының салтанатты рәсімі 1 сәуірде Вильнюсте өтті. Бұл бес мың әскери қызметшіден тұратын құрылымның толық жауынгерлік дайындыққа 2027 жылдың соңына дейін жетуі жоспарлануда.
Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияның шетелде тұрақты түрде орналастырылған алғашқы әскери бөлімі, деп жазды Politico басылымы.
Біздің нақты міндетіміз бар. Мұнда, НАТО-ның шығыс шекарасында, біз литвалық одақтастарымыздың қорғанысын, еркіндігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек, - деді Германияның 45-ші танк бригадасының командирі генерал Кристоф Хубер.
Ол бұл бригаданың Литвада орналасуы НАТО аумағының және Германияның өзі үшін қорғанысты қамтамасыз ететінін атап өтті.
Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус 2024 жылғы қазан айында Литва парламентінде сөйлеген сөзінде Германия қарулы күштерінің Ресей агрессиясын Еуропада тежеудің басты тірегі болуға дайын екенін мәлімдеді.
Писториус сондай-ақ Украинадағы соғыс Ресей үшін тек бастамасы екенін айтты.
Ресей біздің бірлігімізді, Еуропалық Одақты және НАТО-ны гибридті әдістермен бұзуға тырысады. Путиннің нағыз жауы - біздің еркін, тәуелсіз, демократиялық өмір сүру салтымыз, - деп атап өтті ол.