Геральдикалық зерттеулер орталығына жаңа басшы тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Асылбек Баяжұманы «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ директоры қызметіне тағайындады. Бұл туралы аталған министрліктің ресми сайты жариялады.

Асылбек Баяжұма – 1978 жылы 25 желтоқсанда Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Көкшетау университетін «саясаттану» мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары Ақмола облысының ішкі саясат саласында қызмет істеген, 2019 жылғы шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің жиынтық талдау және жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарған.

Еске сала кетейік, өткен жылы ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысына сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті жанынан «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі ашылған болатын.  Құрылғанына бір жыл болған орталық еліміздің мемлекеттік рәміздері мен ұлттық тарихи таңбаларды зерттейтін маңызды орындардың бірі.

Сонымен қатар ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен мәдениет саласындағы бірқатар бағынысты ұйымдардың басшылары тағайындалды. Экс-министр Ақтоты Райымқұлова «Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы»  РМҚК директоры қызметіне, Әнші Жеңіс Сейдоллаұлы «Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі» РМҚК директоры қызметіне, Гүлайым Жұмабекова «Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі» РМҚК директоры қызметіне және Зура Жұмахметова «О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі» РМҚК директоры қызметіне тағайындалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы