Геосаяси қысым мен мұнай факторы: Сәуірде теңге қалай құбылады?
Таяу Шығыстағы жағдайдың күрделенуі жаһандық нарықтарға бірден әсер етті. Ормуз бұғазының жабылуы және Иран төңірегіндегі қақтығыс мұнай бағасының күрт өсуіне әкелді.
Brent маркалы мұнай қысқа уақыт ішінде 120 долларға дейін қымбаттап, кейін қайтадан 100 доллар шамасына түсті. Ал осындай әлемдегі өзгерістер кезінде Қазақстандық теңге тұрақтылығын сақтап отыр.
Теңге неге нығайды?
Соғыс басталған кезеңде теңге бағамы бір доллар үшін шамамен 498 теңгеден 481 теңгеге дейін күшейді. Бұған негізгі себеп – мұнай бағасының өсуі.
Экономистердің айтуынша, мұнай қымбаттаған кезде Қазақстанға экспорттан түсетін валюталық түсім артады. Бұл доллардың ішкі нарықта көбеюіне және теңгенің нығаюына алып келеді.
Қазақстан үшін бұл фактор өте маңызды. Себебі ел экспортының шамамен 50%-ы мұнай мен мұнай өнімдеріне тиесілі.
Нарықтағы басты ерекшелік – құбылмалылық
Қазіргі кезеңде теңге тұрақты нығайып жатыр деу қиын дейді экономистер. Бағам белгілі бір диапазонда жиі ауытқып отыр.
Бұл – нарықтағы белгісіздік пен геосаяси тәуекелдердің жоғары екенін көрсететін белгі, - деді Бауыржан Ысқақ.
Сарапшының айтуынша, алдағы уақытта теңгенің қозғалысы мұнай бағасының бағытына, сыртқы саяси жағдайға, мемлекеттік валюта операциялары мен нарықтағы күтулерге қатысты өзгеруі мүмкін.
Ұлттық қор мен салық кезеңі теңгені уақытша ғана ұстап тұр – экономист
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, қазіргі теңге бағамына әсер етіп отырған негізгі ішкі факторлардың бірі – салық кезеңі мен Ұлттық қордан түсетін трансферттер. Алайда бұл қолдау ұзақмерзімді тренд қалыптастыра алмайды.
Салық кезеңінде ірі компаниялар бюджет алдындағы міндеттемелерін орындау үшін экспорттан түскен валютасын теңгеге айырбастайды. Бұл нарықта доллар ұсынысын арттырып, теңгені уақытша күшейтеді. Сол сияқты Ұлттық қордан бюджетке бөлінетін трансферттер де валюта сатылымы арқылы теңгені қолдайды, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар ол бұл факторлардың әсері қысқа мерзіммен шектелетінін атап өтті.
Бұл әсер әдетте бір-екі аптадан төрт аптаға дейін ғана байқалады. Салық кезеңі аяқталған соң валюта ұсынысы азаяды. Ал Ұлттық қордан сатылатын көлем тұрақты емес, ол тек бюджет қажеттілігіне байланысты жүзеге асады, – деді Бауыржан Ысқақ.
Оның пікірінше, бұл тетіктер теңгені ұзақ уақыт ұстап тұратын фактор емес.
Сондықтан бұл факторлар теңгені тұрақты ұстап тұрады деу дұрыс емес. Олар тек қысқа мерзімде қолдау береді. Нарықтағы негізгі трендті бәрібір сыртқы факторлар – мұнай бағасы, рубль бағамы және геосаяси жағдай анықтайды, – дейді экономист.
Сәуірде доллар арзандай ма?
Экономист сәуір айында доллар бағамының айтарлықтай тұрақты төмендеуі екіталай екенін айтады.
Қазір теңгеге қысым жасайтын факторлар көп. Мұнай бағасының құбылуы, рубльдің әлсіреуі, көктемде импорттың артуы және геосаяси тәуекелдер сақталып отыр. Сондықтан тұрақты арзандау сценарийі әлсіз, – деді ол.
Дегенмен теңгені қолдайтын факторлар да бар.
Ұлттық банктің интервенциялары, экспорттық түсімдер және салық кезеңінің әсері сәуірдің басында теңгені белгілі бір деңгейде ұстап тұруы мүмкін, – дейді сарапшы.
Теңге қалай өзгереді?
Бауыржан Ысқақ теңге бағамы доллар 475–495 теңге аралығында болып, нарықта құбылмалылық сақталады, бірақ күрт өзгеріс болмайды. Сәуірде тұрақты арзандау емес, әртүрлі тербелістер байқалады, - деп болжады.
Оның айтуынша, қазіргі теңге бағамы белгілі бір деңгейде «жасанды қолдауға» сүйеніп отыр.
Қысқа мерзімде тұрақтану бар. Бірақ фундамент әлсіз. Сондықтан орта мерзімде теңгенің әлсіреу тәуекелдері сақталады, – деп түйіндеді Бауыржан Ысқақ.