Геология, инвестиция және барлау: Астанада халықаралық форум басталды
Бұл форум геология саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және жер қойнауын ұтымды әрі орнықты пайдалану бағытында ортақ тәсілдер әзірлеуге арналған жаңа өңірлік диалог алаңы болмақ.
Астанада Geoscience & Exploration Central Asia 2026 халықаралық геологиялық форумы басталды. Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құттықтау сөз сөйледі.
Министрдің айтуынша, бұл форум геология саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және жер қойнауын ұтымды әрі орнықты пайдалану бағытында ортақ тәсілдер әзірлеуге арналған жаңа өңірлік диалог алаңы болмақ.
Ерсайын Нағаспаев өз сөзінде Орталық Азия елдерінің экономикалық даму, өнеркәсіпті жаңғырту және энергетикалық қауіпсіздік үшін маңызды минералдық-шикізаттық әлеуетке ие екенін атап өтті.
Сонымен қатар ол салада бірқатар түйткіл бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, дәстүрлі кен орындарының сарқылуы, терең қабаттар мен қолжетімсіз аумақтардағы ресурстарды игеру қажеттілігі геология саласына жаңа тәсілдер енгізуді талап етеді.
Осыған байланысты жер қойнауын геологиялық зерттеу жүйесін жаңғырту мәселесі өзекті бола түсті. Министрдің сөзінше, Қазақстан бұл бағытта цифрлық шешімдерді енгізіп, заманауи инфрақұрылымды дамыту арқылы жүйелі реформаларды жүзеге асырып келеді.
Біз инвесторларға өзекті әрі сенімді ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ететін заманауи ақпараттық жүйені қалыптастыру бағытында тыңғылықты жұмыс жүргізудеміз. Архивтік материалдарды цифрландыру, үлкен деректерді өңдеу және Жерді қашықтан зондтау технологияларын енгізу геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады, - деді Ерсайын Нағаспаев.
Министрдің мәліметінше, қабылданған шаралар саланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға, сондай-ақ отандық және шетелдік инвестициялар ағынын ұлғайтуға ықпал еткен.
Форум барысында өңірлік ынтымақтастық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Аймақ елдерінің бірлескен геологиялық барлау жобаларын, оның ішінде аса маңызды шикізат түрлері бойынша жобаларды іске асыруға мүмкіндігі бар екені айтылды.
Біздің алдымызда ортақ міндет тұр - қолда бар ресурстарды барынша тиімді пайдалану және олардың әлеуетін болашақ ұрпақ үшін сақтау. Күш-жігерді біріктіру Орталық Азияның геология саласын жаңа даму деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді деп сенемін, - деді министр.
Айта кетейік, 2-3 сәуір күндері өтіп жатқан форумға Орталық Азия елдерінің делегациялары, мемлекеттік органдардың, ұлттық геологиялық қызметтердің және жетекші компаниялардың өкілдері қатысып жатыр.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында, сондай-ақ 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында геологиялық барлау жұмыстарын жандандырудың, жаңа көмірсутек кен орындарын игерудің және геология саласына жеке инвестиция тартудың маңызын атап өткен болатын.
Бұған дейін Қазақстанның сирек минералдық ресурстары «Геология, ресурстар және Еуразияның болашағы» форумы аясында ұйымдастырылған халықаралық аудиторияға таныстырылып жатқанын жазған едік. Экспозицияда еліміздің әр өңірінен жиналған бірегей тастар мен минерал үлгілері ұсынылған.