Географиядан халықаралық олимпиадада оқушылар екі медаль жеңіп алды
IGeO-2023 географиядан халықаралық олимпиада қазақстандық оқушылар алтын және қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Индонезияның Бандунг қаласында IGeO-2023 географиядан халықаралық олимпиада өз мәресіне жетті.
Ел намысын география пәнінен республикалық олимпиаданың төрт жеңімпазы қорғады. Олар үш тур бойынша жарысты: жазбаша тест, мультимедиялық тест және практикалық тапсырма.
Халықаралық олимпиада қорытындысы бойынша медальдар қоржыны екі жүлдемен толықты: Алтын – Санжар Хамитов – Ақтөбе қаласындағы НЗМ 11 сынып оқушысы; Қола - Арсен Сыдықов –Шымкент қаласындағы НЗМ 10 сынып оқушысы, - деп жазды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
IGeO алғаш рет 1996 жылы Халықаралық географиялық одақтың (IGU) қолдауымен Гаагада өткізілген болатын.
Қазақстан құрама командасы олимпиадаға 2012 жылдан бері қатысып, барлығы 3 алтын, 1 күміс және 4 қола жеңіп алды. Олимпиаданың негізгі міндеттері – оқушылардың географияға және қоршаған орта туралы ғылымдарға қызығушылығын ынталандыру, халықаралық өзара байланысты нығайту.