Генералдар кеңесінің төралқасы Тоқаевты Президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды
Генералдар кеңесінің төралқасы Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент сайлауына кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұзақ жылдар бойы мемлекет мүддесіне абыроймен қызмет еткен Қазақстанның Қарулы күштері мен құқық қорғау органдарының генералдары, ардагерлері осы күні де Отан мүддесін қорғап жатыр. Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Жолдауын талқылағаннан кейін «Генералдар кеңесі» РҚБ Төралқасы бағдарламалық құжатта баяндалған ережелер мен ұсыныстарды іске асыруға белсенді қатысу туралы шешім қабылдады.
Біз биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты толық қолдаймыз. Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформаларды табысты іске асыру үшін халық сенімінің жаңа мандаты қажет. Президенттік мандаттың бір реттік 7 жылдық мерзімін енгізуді ашық демократиялық мемлекеттің дамуындағы түбегейлі шара деп санаймыз. Бұл қадам еліміздің жаңа саяси дәуірінің алтын қазығына айналады. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдай кезінде бейбітшілік пен келісімді бағалай білу қажет. Біз, ел егемендігінің қорғаны болған офицерлер, тәжірибелі, қоғамға қызмет етуге дайын саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын сайлауға ұсынамыз, – деді отставкадағы генерал-майор, «Генералдар кеңесі» РҚБ төрағасы Махмұт Төлеғұсов.
Еске сала кетсек, Ұлттық волонтерлер желісі мен Қазақстанның азаматтық альянсы да бір ауыздан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Президенттігіне кандидатурасын қолдады.