Генерал-майор: Ауған соғысына бір күн қатысқан адам – қаһарман
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ауған соғысында болған әрбір жауынгер мен офицерді еске алу мақсатында генерал-майор Бақытжан Ертаев жастармен кездесті.
Жастары бар елдің болашағы бар. Біз жетім емеспіз. Біздің әкеміз де, шешеміз де бар. Ол - Отан. Оның төрінде біздің тарих, ал тарихты оқыту тілі - ана тілі. Ана тілін білмеген адам жетім, оның анасы жоқ. Сол себептен қалай болса да, біздің Президент айтқандай, білмегеннен ұялмай, күні-түні оқысаң, үйреніп аласың, - деді генерал-майор Бақытжан Ертаев.
Ол атағандай, өзі 3-сыныпта болғанда, апасы орыс сыныпқа тапсырған.
Бірақ мен 16 жыл бойы шетелде жүрсем де, ана тілімді ұмытқан жоқпын. Мен онымен мақтанып отырған жоқпын. Егер біз тілімізді сыйласақ, барлығы сыйлайды. Сол кезде жетім болмаймыз, - деді Ертаев.
Ертаев Ауған соғысына қазақстандықтарды жіберу мәселесі саяси тұрғыда көп талқыланғанын айтты.
Бұл бір күндік шешім емес. Сол кезде біздің әскер бармаса, АҚШ-қа кетіп қалар еді. Саяси жағынан күрделі еді. Ол кезде жас болдық. Қазір 60-тан астық. Ауғанда бір күн болған адам - қаһарман. Ауған соғысына қатысқан кез келген адам батыр болып есептеледі. Оны жастар түсініп, құрметтеуі керек, - деді генерал-майор.
Айта кетейік, осыдан 32 жыл бұрын, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері (40-армия және оған жіберілген бөлімшелер) Ауғанстан аумағынан шығарылды.
1979 жылдың 25 желтоқсанында КСРО Қорғаныс министрінің берген бұйрығымен Ауғанстанға кеңес әскерлерін кіргізуге шешім шығарылды.
Осы ойранда он жыл бойына Кеңес Одағынан Ауған соғысына 500 мыңнан астам азамат қатысып, оның 15 мыңы опат болды. Ал Қазақстаннан бұл майданға 22 мыңнан астам жауынгер тартылды, оның 889-ы қаза болды. 30-ға жуығы хабар-ошарсыз жоғалып кетті. 3 мыңнан астам қазақстандық Ауған соғысынан мүгедек болып оралды.
Шара аға буын және жас ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту, олардың сабақтастығын қамтамасыз ету, ұлттық құндылықтарды сақтау және жастардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеуге бағытталған.