Гендерлік теңдікті бекітуге әлеуметтік-мәдени көзқарастар кедергі – сарапшы
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ стратегиялық талдау тобының жетекшісі Ләззат Нұрқатова Алматыда өткен «Президент сайлауы: жаңа саяси дәуірге қадам» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысында әйелдердің сайлау құқығы тақырыбын қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Қазақстанның саяси тарихында екінші мәрте ғана президенттікке кандидат ретінде әйел өкілдерінің ұсынылып отырғанын атап өтті. Сарапшы әйелдердің саяси мүмкіндіктері артқанымен, билікте аз өкілдік ету мәселесі әлі де бар деп санайды.
«Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасын дайындау шеңберінде ҚҚДИ-дың жаппай сауалнамасының нәтижелері бойынша гендерлік теңдікті бекітуге әлеуметтік-мәдени көзқарастар кедергі келтіріп жатыр. Осылайша, қазақстандықтардың 38,2%-ы ерлерді тиімдірек саясаткер деп таныса, тек 3,4%-ы әйелдер саяси қызметте табысқа жете алады деп есептейді. Олардың ішінде әйел респонденттерге қарағанда ерлерді тиімдірек саясаткер деп санайтын ер респонденттер 17,4%-ға көп. Сонымен қатар, саясатта жынысы маңызды емес деп есептейтін әйелдер ерлерге қарағанда 13,6%-ға артық. «Сіздің ойыңызша, тиімді саясаткер еркек пе, әлде әйел ме?» деген сұраққа, респонденттердің жартысынан сәл астамы ғана (55,2%) жыныс маңызды емес деп жауап берді, – деді Ләззат Нұрқатова.
Ол әйелдер саяси өмірге және сайлауға ұзақ қатысар болса тұтас қоғамның өмір сапасы артады деген зерттеулер бар екенін айта кетті. Неге десеңіз, еңбек нарығына көптеп әйелдер шығады, халықтың қорғалмаған топтарын мемлекет тарапынан қолдау шаралары пайда болады, басқа да мемлекеттің әлеуметтік функциялары кеңейеді.
Алайда Қазақстанда ғана емес, әлемнің ондаған елінде әйелдердің билікке араласуына кедергі келтіретін факторлар көп.
Елдегі гендерлік теңдіктің орнауына кедергі келтіретін нәрселер деген сауалға респонденттердің басым бөлігі «әйелдердің қоғамдағы орны туралы дәстүрлі стереотиптер» деп жауап берген. Одан кейін «қоғамда гендерлік теңдіктің қажет екенін жеткілікті өрелемеу» деген жауап тұр. Осыдан-ақ билік деңгейінде шешім қабылдауға әйелдердің қатысуына негізгі кедергі мәдени-өнегелік шектеулер екенін көруге болады. Біз гендерлік теңдікке қатысты ерлердің белсенді диспозиция жағдайын байқап отырмыз. Расында, ерлер тарапынан әйелдердің жетістігі мен табысын төмендету, оларды шешім қабылдау деңгейіне жібермеу кедергілері орын алып отыр, деді «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ стратегиялық талдау тобының жетекшісі.
Алматыда «Президент сайлауы: жаңа саяси дәуірге қадам» атты «Sarap» эксперттік клубының ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының саяси зерттеулер орталығымен бірлескен аймақтық отырысы өтті. Шараны ұйымдастырушы – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі саясаттанушылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, ҚР ҒЖБ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының қызметкерлері және ҚҚДИ сарапшылары қатысты. Жиынға қатысушылар сайлаудың саяси жүйедегі рөлін талдап, кезекті сайлау процесіндегі инновациялар мен өзгерістерді, ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етуді талқылады.